Жаңа талапқа сай емес хостелдерді қалай өзгерту керек?

Қайырбек Өскенбаев тұрғын үйлерде орналасқан хостел басшыларына оларды пәтер ретінде жалға беруді ұсынды.

Хостелдер бойынша көп сұрақ қойылып жатыр, себебі бұрынғы заңда хостел деген ұғым болған жоқ. Бұл — жаңа ұғым. Ресми тыйым болмағандықтан адамдар тұрғын үйлердің жоғарғы — бесінші, оныншы қабаттарынан хостел ашып алды. Бұл — тұрғындардың белгілі бір санына шақталған қолданыстағы коммуникацияға, айталық, лифтіге қосымша жүк. Сонымен бірге оған адамдар жиі келіп-кетіп жататындықтан бұл — қарапайым тұрғындар үшін ыңғайсыздық. Бізге көп шағым түседі, — деді бірінші вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Жаңа ереже бойынша хостелді тұрғын үйден бөлек тұрған ғимараттан ашу қажет. Көпқабатты үйдің ішінен ашылса, кіріп-шығатын жолы, қызмет көрсететін инфрақұрылымы бөлек болуы керек.

Хостелдер төменгі қабатқа көшуі керек, адамдар оған сырттан басқа жолмен кіріп-шығуы керек, олар жоғары қабаттарда болмауы керек, адамдарға кедергі болмауы керек… Хостел деген не? Хостел — қарапайым тұрғын үй бөлмесіндегі бір не екі қабатты кереует, оны жылдам бұзуға болады. Бұл мүлкі адамның өзінде қалады, оны ешкім тартып алайын деп жатқан жоқ. Қайтадан өзгертсін де, жалға берсін. Сол себепті біз хостел басшылары бизнесін қайта өзгертуі үшін ұзақ мерзім қарастырмадық. Бұл — көп капитал салуды талап етпейтін бизнес, — деді Қайырбек Өскенбаев.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, хостел басшылары нысандарын заңға сай етпесе, тұрғындар тұрғын үй инспекциясына шағымданады. Көпқабатты үйлерді хостелдер сонда да қызметін тоқтатпаса, мәселені құқық қорғау органдары қарайды.

Еске салайық, ҚР «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңына енген түзетулерге байланысты 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпқабатты тұрғын үйлер ішінен ашылған хостелдердің көбінің қызметі заңсыз болып қалды.