Самал Әлішева, психолог-коуч:

Самал Әлішева, психолог-коуч. Фото жеке архивінен
Самал Әлішева, психолог-коуч. Фото жеке архивінен

Ең әуелі тренинг пен коучинг өткізіп жүргеннің бәрі бірдей кәсіби психолог емес екенін ескеру қажет. Олардың айтатыны — тек тұрмыс психологиясы төңірегіндегі ой, пікір ғана. Тренинг өткізушінің өзі жеке бас проблемасын шеше алған ба? Өзінің мінез-құлық қиындығын жеңе алған адам болса, сізді де жеңіске жетелейді. Ал өмірден бақытын таппаса, бірге адасасыздар.

Сөзі мен ісі сай келетін тренерге барған дұрыс.  Психология бойынша тренинг өткізіп жүрген әйелдердің кейбірі өзінің жеке өмірі келіспесе де, өзгелерге отбасында бақытты болуды үйретіп жүр. Отбасы бақытын өзі сезінбеген адам оны жұртқа қалай үйретеді?

Бизнес бойынша тренингіні өз бизнесін әлдеқашан бастап, біраз деңгейге жеткен, біршама тәжірибесі бар адам жүргізуі керек. Ал бізде жеке бизнесі болмаса да, аз-маз білімімен тренер болып жүргендер бар. Олар көбіне шетелдік тренингілерден алған білімін таратуға тырысады. Сол арқылы ақша табады, яғни біреудің сөзін басқаларға қайталап айтып береді. Осы нәрсеге де назар аудару қажет. Одан кейін жарнамасы «жер жаратын» курсқа сенудің қажеті жоқ.

Кей орталық қылықты әйел болу, ер мен әйелдің қарым-қатынасы, имбилдинг туралы онлайн тренинг, курс өткізеді. Осы тақырыпта дінге сүйеніп сөз қозғайтын тренердің сабағына қатысқанша сол саланың кәсіби маманының көмегіне жүгінген абзал.

Психологияның кіріспесін, нумерология бойынша бір-екі сабақ оқып алып, түзу жол көрсетуді көздейді.

«Әмияныңды зарядтап беремін. Ол ақша шақырады. Тұмарды алсаң, жолың ашылады» деген жарнама көп.  Тұмар тақсаңыз, байып кетпейсіз, соны сатқан адам ғана пайда көреді. Мәселе тұмарда емес, бәрі адамның еңбегі мен ойына байланысты.

Тренер — мұғалім. Миллионерлердің бәрі өз тәжірибесін өзгеге айтып жеткізе алмауы мүмкін. Ал тренер — тез  үйрене алатын және қажет ақпаратты тауып, басқаға да үйрете алатын адам. Бүгінде бизнес-тренингінің көбейгені рас, бірақ оның сапасына мән беру қажет.

Ескендір Бестай, педагогика бойынша тренер:

Ескендір Бестай, педагог-тренер. Фото: Айгүл Хожантаева
Ескендір Бестай, педагог-тренер. Фото: Айгүл Хожантаева

Кейінгі жылдары тренинг атаулыға деген сұраныс жоғары. Адамдар көбіне оны презентациямен шатастырады. Тренингіге барған адам тыңдаушы емес, қатысушы екенін түсінуі керек. Бір қатысушы тренингіге не үшін келгенін, не үйренетінін біліп келеді. Екінші қатысушының тақырыпқа қатысты білімі жетпейді, сол себепті оның кері әсері болады. Сол үшін тренингінің қажет-қажетсіздігін таңдар кезде, біріншіден, тақырыбына мән берген жөн. Тренинг тақырыбы қаншалықты өзекті? Ол менің мәселемді қаншалықты шеше алады? Мақсатыма қаншалықты жақын? Осы сауалдар арқылы тексеріп, ұсыныстың сұранысқа қаншалықты сай келетінін анықтауға болады.

Кейде қызық, бірақ адамдардың күнделікті өміріне пайдасы аз тақырыптағы тренингілер кездеседі. Тегін тренинг болса да, оны сүзгіден өткізу керек. Себебі босқа кеткен уақытты ақшамен қайтара алмайсыз.

Екіншіден, тренерге қарау керек. Ол аталған тақырып бойынша қаншалықты білікті? Сол саланың маманы ма? Ұсынатын өніміне кепілдік бере ала ма? Тренердің жеке қабілетіне де мән берген жөн. Себебі тақырып бойынша білімді болуы бір бөлек, сол білімді жеткізе алуы бір бөлек.

Үшіншіден, тренингілер арзан және қымбат деген санаттарға бөлінеді. Маркетинг, жарнама, табыс табу не психология бағытындағы нағыз тренингілер арзан болмайды.

Әйгерім Амалбек, тренинг ұйымдастырушы:

Әйгерім Амалбек, тренинг ұйымдастырушы
Әйгерім Амалбек, тренинг ұйымдастырушы. Фото жеке ахивінен

Тренинг — интеллектуал спорт. Тренер болу — қазіргі қоғамның сұранысы. Меніңше, адамдар рухани жағынан бай болуды көздейді. Сол себепті тренингілерге қатысып, ой-өрісін дамытқысы келеді. Бірі сенеді, бірі амалы таусылғаннан келеді. Бізден «Басқа тренерден қандай айырмашылығыңыз бар?» деп жиі сұрайды.

Ең әуелі тренер практик болуы керек. Оның сол салада жеткен жетістігіне қараңыз.

Кейбір тренинг тек мотивация береді. Мотивация алған адам эмоцияға берілген сәтте барлық нәрсені оңай деп қабылдайды. Мотивация беруіне ғана емес, әдіс-тәсіл мен жаңа технологияны үйрететініне де назар аудару қажет.

Тренер өз саласы мен көтеретін мәселесі бойынша көп жетістікке жеткен болуы керек. Сонымен бірге тренинг таңдағанда үйретушінің атағы мен дәрежесіне де көңіл аударған маңызды. Ұйымдастырушылар тренингіден соң адам оң нәтижеге қол жеткізе алатынына кепілдік беруі шарт.