Басты бетБастыҚарлаг немесе...

Қарлаг немесе «Ақтастағы Ахико» қойылымы

Мадина Омарованың «Ақтастағы Ахико» драмасы 15 жасында жазықсыз жазаланып, балалық шағын Қарлаг түзету лагерінде өткізген жапон баласы Ахико Тэцуро мен Алаш арыстарының басынан өткерген азапты ғұмырын көресетеді.

Аян Өтепберген, Ақыртастағы Ахико

Қарапайым балықшының отбасында дүниеге келген Ахиконы ата-анасы Сахалиндегі әскери оқу орнына аттандырмақ болады. Алайда сол мезетте жапон отбасы мекендеген аймақ Кеңес одағының құрамына еніп, барлық бейбіт тұрғын теңіз асырылып жібереді. Жақындарынан көз жазып қалған Ахико Кеңес әскерінің қолына түсіп, жапон тыңшысы деген жазықсыз айыппен 10 жылға Қарлагқа жөнелтіледі.

Ақыртастағы Ахико қойылымы

Темір қапастағы азапты өмір жазықсыз жандар үшін тозақ болса, көзіне қан құйылған мейірімсіз әскердің дәурені орнаған мекен болды. Мұнда Ахико Алаш арыстарымен бірге сол бейнетті бірге көреді. Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев сынды тау тұлғалар мен Сейфолла, Сәдуақастай әкелер бейнесі көрермен өзегін өкінішпен өртей отыра, олардың тағдырға мойымайтын қайсарлықтарымен қуаттандырады.

Ақыртастағы Ахико қойылымы, Бекжан Тұрыс

Залдың бар назарын өзіне аудартып, тапжылтпаған сәттің бірі — ел келешегі үшін еуропалық үлгідегі қазақ-орыс мектебін салдырған Ақайдың Қасенінің түзету камерасына түсуі еді. Иманды ақсақалдың мұндағыларға жігер беруі үміттерді қанаттандырғандай болады.

Ақыртастағы Ахико қойылымы, Дулыға Ақмолда

Ахиконың рөлін сомдаған Дулыға Ақмолданың қойылым сәтінде «Осының бәрі не үшін?», «Кім үшін?» деген жан айқайы әр көрерменнің ішінде қайнаған сауалмен тұстас келді. Сахнада қойылымның кей сәттерінде үш бірдей оқиғаның көрсетілуі шығармашылық ұжымның аянбай еңбек еткендігін көрсетеді. Жалынды ақын Ахметтің камерадағылар ұйқыға кеткенде Ахиконы қасына шақырып, түрме торынан таңның атуын бірге қарсы алуы қойылымның негізгі мақсатын бір сәтте-ақ көрсетіп береді. Оның қанмен жазылған өлең дәптерін анасы Гүлбаршынға жеткізген де осы Ахико Тэцуро болады.

Ахиконың өмірдегі жолы

Тэцуро Ахико Кеңес Одағының әскері Оңтүстік Сахалинді басып алған 1945 жылы қолға түскен. Бұл кезде Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, қойылымдағы Алаш азаматтарының әкелері Сейфолла, Садуақастар да атылып кеткен. Ахиконың түрмеден шыққан соң қазақ апа қолына алмаған. Ғашығы Катя да — ойдан шығарылған кейіпкер.

Ахико Тэцуро
Ахико Тэцуро. 14 жасында Қарлаг түзету лагеріне түскен курсант 10 жылдан кейін небәрі 24 келі салмақта бостандыққа шығады.

Қарлагтағы азапты өмірдің өзге ұлт өкілінің атынан жеткізілуі қойылымның Алаш арыстарының аңсап кеткен тәуелсіз ел ұрпағының патриоттық сана сезімін ояту үшін қызмет ететін тәрізді. Қойылымның идея авторы, Қарлаг лагері туралы он сегізге жуық кітап жазған Нұрлан Дулатбеков:

«Кеше спектакльдің басты кейіпкері 86 жастағы Ахико Тэцуроның үйіне барып қайттым. «Мен туралы спектакль сахналап жатқан қазақтарға рахмет» деп өздеріңізге сәлемін жолдады. Осыдан төрт жыл бұрын ақсақал Жапонияға кеткенде, жылап-еңіреп шығарып салып едік. Содан былтыр «Ақтасыма жететін жер жоқ екен» деп қайтып келді дейді ол.

Бұл қойылым бүгінгі тәуелсіз ел ұрпағына Алаш азаматтарының ұлты үшін жан бергендігін тереңнен түсіндіріп, олардың әр жырының құндылығын жоғарылата түсті. Сонымен қатар, қоюшы-режиссер Асхат Маемиров бастаған шығармашылық топ «Ақыртастағы Ахико» қойылымы арқылы қазақтың толеранттығын, кеңпейілділігін тағы бір мәрте көрсетті.

Айта кетейік, Қарағанды еңбекпен түзету лагерінің мақсаты – социализм құрудың сталиндік бағдарламасын жүзеге асыру үшін тұтқындардың тегін еңбегін жаппай пайдалану еді. 1,5 миллион тұтқынның басым көпшілігі «халық жауы» деген айыппен сотталғандар немесе cолардың отбасы мүшелері ретінде бас бостандығынан айырылғандар болды. Олардың арасында әлемдік деңгейдегі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, бұрынғы партия-кеңес қызметкерлері, шала сауаттылар мен мүлдем сауаты жоқ адамдар да болған.