Марат Қожаевтың айтуынша, ЕАЭО елдерінде сатып алу-сату шарты бойынша автокөлік сатып алып, оны Қазақстанда сенімхат бойынша айдап жүрген азаматтарға осы біржолғы акция аясында көлігін басқа елдердегі есептен алып тастауға мүмкіндік беріліп отыр.
Бұл үшін азаматтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, қажет құжаттар пакетін ұсынуы қажет. Бұл автомобильдерге арнайы түр мен сериядағы — сары түсті және «18» цифры бар мемлекеттік нөмірлер беріледі, ал техникалық паспортқа аталған автокөлікті тіркеу шарттары туралы тиісті белгі енгізіледі, — деді Марат Қожаев.
Көлігін уақытша тіркетіп, арнайы нөмір алған жүргізушілер 2021 жылдың 1 наурызына дейін тіркеу алымы мен мемлекеттік бажды төлеуі керек. Көлік иесі бұл мүмкіндікті пайдалана алмаса, аталған мерзімнен кейін уақытша нөмір заңсыз деп есептеледі.
Еске салайық, жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдерінен сатып әкелінген автокөлікті әуелі уақытша тіркеуге алуды тапсырған еді.
Проблеманы шешу үшін Үкімет Қазақстан азаматтарының ЕАЭО-дан жеке мақсатқа алып келген автокөліктерін 2020 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша біржолғы тәртіппен уақытша тіркеуге алуды бір ай мерзім ішінде қамтамасыз етуі керек. Тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін күшінде болады. Мұндай автокөлік техрегламент талабына сай келуі керек. Сонымен бірге азаматтар тіркеу алымы мен мемлекеттік бажды төлеуге тиіс. Уақытша тіркеу көлікті меншіктен шығару және біреудің пайдалануы мен қарауына беру құқығынсыз іске асырылуы керек. Автокөлік иелері 2021 жылдың 1 наурызына дейін көлікті тұрақты тіркеуге қойып, кеден бажы мен утилизация алымын төлеуге және не елден шығаруға, не заңнамада тыйым салынбаған басқа әрекетті істеуге міндетті, — деді Мемлекет басшысы.
ҚР ІІМ мұндай автокөлікті базаға тіркеу жол қозғалысы ережесінің бұзылуына және ереже бұзған жүргізушілердің жазадан құтылып кетуіне жол бермейді деп отыр. Сонымен бірге автокөлік тіркелсе, иесінің мүлік құқығы мен мүддесі қылмыстан қорғалады, алаяқтық әрекеттерінің жедел ашылуына ықпал етеді.