Күртік қар көбіне жылымықтың аязға ауысуы кезінде қалыптасады. Көлік жолын күртік қар басса, жол қозғалысы қауіпсіздігі қызметі көлік қозғалысын шектейді немесе түгел жабады. Бұл туралы тұрғындарға хабар беріледі. Сондықтан қыстыгүні алыс жолға шығар кезде жаңалық порталдары мен арнайы ресурстардан ауа райы мен жолдағы көлік қозғалысы туралы біліп жүрген абзал. Соның ішінде SMS-хабарламаларға назар аударған жөн.
Күртік қар қалыптасатын мезгілде әдетте күн суық болады. Мұндай кезде жолда тұрып қалған адамның аяқ-қолы, беті тез тоңады. Санаулы минутта қатты үсік шалуы мүмкін.
Алыс жолда автокөлікпен қар құрсауында қалып қойғанда:
- Қозғалтқышты радиатор жағынан жауып, оны мүмкіндігінше жел жағына қарай қою керек.
- Көлік маңайындағы қарды оқтын-оқтын күреп тұру керек.
- Кабинада газдың таралуына жол бермеңіз. Газ шығатын құбырдың қармен бітеліп қалмауын қадағалаңыз.
- Боран немесе қатты аязда көлігіңіз жүрмей қалса, оның үстіне, елді мекеннен алыста болсаңыз, автокөлік ішінде отыра бергеніңіз дұрыс. Телефонмен көмек сұраңыз немесе басқа көлік өткенше күтіңіз.
Автокөлік жолда өшіп қалса:
- Үрейленбеңіз, ахуалды, бағдар мен тоқтаған жерді, елді мекенге дейінгі қашықты, уақытты бақылаңыз.
- Көмек күтіп отырғанда ұйықтамауға тырысыңыз.
- Көлік қосылса, тасжолға, асфальты бар жолға шығыңыз. Мұндай жолда күртік қар көп болмайды және жиегі арқылы бағдарлауға болады.
- Әр автокөлікте мынадай заттар міндетті түрде болуы қажет: дәнекерлегіш (паяльник), арқан, көлік доңғалағына арналған шынжыр.
- Қатты аязда, қар жауып тұрғанда бірнеше автокөлік топтасуы керек. Көлік жүрмей қалған жағдайда басқа жүргізушілер көмекке келе алады.
Көлікте қосалқысымен бірге аз дегенде бес доңғалақ болады. Доңғалақтардың бірін өртеп жылынуға болады, автокөлік салонын жылыту үшін балауыз шам жаққан дұрыс, бірақ шам жанып тұрған кезде көліктің терезесін ашып қою керек. Жанып тұрған шам оттегінің көп бөлігін алады, содан тынысалу қиындайды.
Бет пен аяқ-қол тоңса:
- Жалаң қолға қар тигенде саусақтарды қусырып, киімнің ішіне сұғу керек. Қол құрғап, жылығаннан кейін ғана қолғапты кию керек.
- Қол қолғап ішінде тоңса, алақан-білекті бұлғақтатып, жаттығу жасау керек. Жұдырықты түймеген дұрыс.
- Аяқ тоңса да, бұлғақтатып жылыту керек. Башпайларды сыздап ауырғанына қарамай, бұлғақтата беру керек.
- Бет тоңса, қатты иіліп, біраз жүрген дұрыс. 10-20 рет еңкеюге де болады. Бетті қатты желден тығыз бетперде арқылы қорғау қажет. Үсіген жерді жұмсақ шүберекпен ысқылауға болады.