Өңірлерде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жарияланды

"Қазгидромет" кәсіпорны 23 қаңтарда еліміздің көп өңірінде ауа райы қолайсыз болатынын хабарлады. 

Аяз боран ауа райы қыс
Фото: Postimees.ee

Синоптиктер жариялаған ескертуге қарағанда бейсенбіде Шығыс Қазақстан облысында кей жерде боран соғады, көктайғақ болады, оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні кей жерде секундына 23-28 метрге жетеді. Қостанай облысында қар жауады, боран соғады, тұман түседі, көктайғақ болады, оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні кей жерде секундына 30 метрге жетеді. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында қар жауады, боран соғады, кей жерде көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні кей жерде секундына 30 метрден асады.

Ақтөбе облысында қар көп түседі, кей жерде көктайғақ болады, жаяу бұрқасын соғады, оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Қызылорда облысында тұман түседі, көктайғақ болады, оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен соққан желдің жылдамдығы кей жерде секундына 25 метрге дейін жетеді. Түркістан облысының кей жерінде тұман түседі, оңтүстік-батыстан екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел соғады. Шымкентте тұман түседі. Нұр-Сұлтанда көктайғақ болады, қарлы боран мен оңтүстік-батыстан екпіні секундына 23 метрге жететін жел соғады.

Мамандар Шығыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда облыстарында ауа температурасының жоғарылауына байланысты өзен-көлдерде мұз еріп, су деңгейі көтерілуі мүмкін екенін ескертеді.