Қоғам қайраткері Камал Бұрханов қайтыс болды

Қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, заңгер, тарихшы, Қазақстан әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Камал Бұрханов қайтыс болды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Бақтиярұлы Facebook-парақшасында жазды.

Жалған өмір-ай… Ұстазым, досым, әріптесім Камал Бұрханов дүниеден озыпты. Соңғы 2 жыл төсек тартып жатып қалған еді. Мағрипа жеңгем колдан келгенше барлығын жасады. Амал нешік, бәрі бір Жаратқанның қолында. Бақұл бол, адал дос. Жаның жәннатта болғай, Камал аға!, — деп жазды Мұрат Бақтиярұлы.

Камал Низамұлы Бұрханов 1954 жылы 31 наурызда Өзбекстанның Ташкент облысында туған. 1977 жылы Ленин атындағы Ташкент мемлекеттік университетінің тарих факультетін, 2003 жылы Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетінің заң факультетін бітірген. Камал Бұрханов 40-тан астам ғылыми жұмыстың, кітаптың авторы. Ол Мәжілістің IV-V шақырылымдарының (2007-2016 жылдары) депутаты болды. 2016 жылдан бері Саяси, әлеуметтік және тарихи зерттеулер институтын басқарды.