Басты бетҚоғамПрезиденттің жастар...

Президенттің жастар кадр резерві өкілі шетелдегі жұмыстан бас тартты

Ләззат Әділова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы мұнай-газ саласында еңбек етіп жүрген жас мамандарға жарқын мақсаттарын іске асыруға жол ашты деп есептейді.

Президенттің жастар кадр резерві Мемлекет басшысының сайлауалды бастамасында міндет етіп қойылды. Ең дарынды, білімді 300 жас таңдалды. Болашақта бұл жастар мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруды мақсат етіп отыр. Мен халыққа қызмет етіп, жағдайын көтеру, өз білімім мен тәжірибемді ел игілігіне бағыттауды көздеймін. Жастар кадр резерві жасақталғанда ашық әрі обьектив жеті кезеңнен өттік. Әрқайсының өз артықшылығы мен жауапкершілігі зор. Қаңтар айында Президентпен кездесу болды. Бізге ел үлкен үміт артып отыр. Қазір мен мұнай компаниясында еңбек етіп жүрмін. Бас менеджермін. Қазақ тілінен өзге орыс, қытай, ағылшын тілінде еркін сөйлеймін. Магистратураны қытай тілінде оқып, бітірдім. Бірден Қытайда халықаралық ұйымдар жұмысқа шақырды. Бірақ мен Қазақстанға оралып, еңбек етемін деп шештім, — деді ол.

Жастар кадры резерві
Фото: Inform.kz

Инвестиция тарту, мұнай-газ саласындағы инфрақұрылым бағытын дамытып жүрген Ләззат Еділова болашақта халықаралық қатынастар бағытында жұмыс істеуді армандайды. Мемлекеттік қызметке ауысып, жаңа бастамаларымен ел дамуына ықпал етпек.

Бәріміз де қарапайым қазақ баласымыз. Мәселен, менің әкем — теміржолшы, анам — дәрігер. Ұзақ жылдан бері бір салада еңбек етіп жүр. Президенттің жастар кадр резервіне жиналған жастардың білімі жоғары, кейбірі шетелде жүріп жаңа технологияны меңгерген. Жиналған адамдардың көзқарасы өзгеше, көп біледі. Бірақ бәрі қарапайым, ел үшін, ертеңіміз үшін еңбек етеміз деп ортақ мүддеге тоғысты, — деді Ләззат Әділова.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың қыркүйегінде Президенттің жастар кадр резервіне іріктеу басталды. Жобаның стратегиялық мақсаты — тиімді менеджерлердің жаңа толқынын қалыптастыру, еліміздің жаңа буыны үшін пәрменді әлеуметтік лифтілер жүйесін құру, басқарушы болуға қабілетті талантты және креатив жастарды іріктеу. Резервке іріктеу желтоқсан айының соңында аяқталды. Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Президенттің жастар кадр резервіне барлығы 300 жас қабылданды.