Жердің жиі сілкінуі: Сейсмология институтының басшысы түсінік берді

Институт директорының айтуынша, қазіргі кезде жойқын жер сілкінісі болады деуге негіз жоқ. Бірақ оқыс жағдайға дайын жүру артық болмайды.

Біз жойқын жерасты дүмпуі болады деп ойламаймыз, қазіргі ахуал жаман емес. Бірақ «дабыл қобдишасын» дайындап қою артық болмайды. Әсіресе, алматылықтарға. Өйткені бәрі физика мен оның заңдарына тәуелді. Жер қойнауында не болып жататынын бірде-бір ғалым тап басып айта алмайды. Әйтпесе, ол үшін Нобель сыйлығын берер еді ғой, — деді Досым Сүлеев.

Еске салайық, кейінгі күндері Алматы облысы мен Алматыда тұрғындар бірнеше рет жер сілкінісін сезді. 19 қаңтарда Алматыда және 20 қаңтарда Талдықорған мен Текеліде жерасты дүмпуінің күші МSК-64 шкаласы бойынша 3-4 балл болды. Алматыда сезілген тербелістің эпицентрі Қытай аумағында, Талдықорған мен Текеліде байқалған дүмпудің эпицентрі Қазақстан аумағында болған.