Респонденттер мынадай сұрақтарға жауап берді:
- АҚШ-Иран қарым-қатынасының ушығу себебі не? Мұның астарында біз білмейтін қандай мүдде бар?
- Бұл шиеленіс ары қарай қалай өрбуі мүмкін?
- АҚШ-Иран қарым-қатынасының нашарлауынан Қазақстанға келіп-кетер зиян бар ма, әлде бұл біз әдеттегідей сырттай бақылап отыратын кезекті жаһандық шиеленіс пе?
Қуанышбек Қари, ирантанушы, журналист:
- 17 қаңтарда Иранның жоғарғы рухани басшысы аятолла Әли Хаменеи жұма намазында құтпа оқыды. Сонда ол Америка басшыларына көпше түрде «клоундар» деген сөзді қолданды. Осы арқылы ол Дональд Трампты ғана емес, мемлекеттік хатшы Майк Помпеоны да «түйреп» өтті. АҚШ-Иран арасындағы тартыстың тарихы тереңге кеткенімен жаңа кезеңдегі конфронтация Майк Помпеоның 2018 жылы мемлекеттік хатшы болып тағайындалған кезінен басталады. Ол сыртқы саясат мекемесіне келгеннен кейін бірден Иран мәселесін қолға алып, Тегеранға 12 шарт ұсынды. Ол тағайындалған кезде Америка Иранның ядро бағдарламасы келісімінен шығып жатқан еді. Бұл келісімге 2015 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері, соның ішінде Америка, Германия және Иран қол қойған еді. Майк Помпео өзі ұсынған 12 шартты Иран қабылдаса, Американың қайтадан ядро бағдарламасы бойынша Тегеранмен диалогқа келе алатынын айтқан. 12 шарттың бір мақсаты — Иранның Таяу Шығыс елдеріндегі қарулы топтарды қолдауын тоқтату. Тегеранның Ирак, Сирия, Ауғанстан, Ливан, Йемен және Палестинадағы топтарды қаржылай да, қару беріп те қолдап келе жатқаны жасырын емес. АҚШ бұл топтардың әрекетін өзіне және өз одақтастарына қатер деп таниды. Сондықтан Иранға қысымды күшейтіп, бастырмалатып санкция салып келеді. Ал әлгі топтарды Таяу Шығыстағы өз ықпалын жүргізу тетігі ретінде қарастыратын Иран болса, Америка шартын орындаудан бас тартты. Сөйтіп жүргенде Америка былтыр Иранның элиталық әскери бөлімі — Ислам революциясы сақшылары корпусын террористік ұйымдар қатарына, оның басшыларын террористер тізіміне енгізді. Оның соңы, көріп отырғанымыздай, 2020 жылы қаңтардың басында Американың Бағдатта осы корпустың әл-Кудс арнайы жасағының қолбасшысы, генерал Қасым Сүлейманиді өлтірумен аяқталды. әл-Кудс жасағы елден сыртта барлау және әскери операциялар жасауымен танылған. Содан кейін Иран Қасым Сүлейманидың кегін қайтарамыз деп, АҚШ-тың Ирактағы екі базасын зымыранмен атқылады. Сол аралықта Иран Тегераннан Киевке ұшып шыққан Украина ұшағын да 176 жолаушысымен атып түсіріп, онысын 3 күн өткен соң ғана мойындады.
- Қазір Тегерандағы ұшақ апатын тексеру де өте күрделі жағдайда жүріп жатыр. Иран ұшақты атып түсіргенін мойындаған соң елде бірнеше күн жаппай наразылық шарасы өтіп, кейін басылды. Алайда 20 ақпанда өтетін Парламент сайлауы да елдегі саяси тартысты қыздыра түсетін сияқты. Сайлау алдында, 11 ақпанда мемлекет Ислам революциясының 41 жылдығын атап өтеді. Бірақ осы екі саяси науқан кезінде тағы да толқу болуы мүмкін. Ал Америкамен арада тартыс одан әрі өрши береді. Екі жақ та соғысқа бармайтынын айтқанымен бір-біріне не істей алатынын көрсетті. Әли Хаменеи соңғы жұма намазы құтпасында аймақ қауіпсіздігі туралы көп айтты, тіпті сарапшылар мен азаматтардың кейбірі оның уағызын Иран халқына емес, Таяу Шығыстағы өзін қолдайтын шииттер қауымдастығына арнау деп бағалады. Құтпасының соңында 12 минуттан аса тек араб тілінде сөйлеуі Әли Хаменеидің аймақ елдерінен қолдау дәмететінін көрсетеді. Ирак Парламентінің Иранның зымыран шабуылынан кейін елдегі шетел әскерін шығару туралы заң қабылдауы да назар аудартады. Америка Ирак жағынан осы туралы түсінік беруін сұраған. Әзірше бұл даудың ақыры немен аяқталары белгісіз. Анығы — АҚШ пен Иран арасы ғана ушыққан соң жанжалдың соңы өзімен талайды да ала кететін сияқты.
- Назар аударатын мәселе — Қасым Сүлейманидың өлімінен кейін мұнай бағасы көтерілді. Бір жылдан кейін болуы мүмкін болжамды бағаның жылдам жетуі, әрине, Қазақстан үшін тиімді. Өткен желтоқсанда бекіген 2020-2022 жылдарға арналған бюджеттің тесігін бітеуге мұнай бағасының жоғары болғаны оң әсер етеді. Ал Таяу Шығыстағы қауіпсіздік Каспий маңына әсер етуі мүмкін екенін ескергенде, АҚШ-Иран арасының ушыққаны жақсылық емес. Есіңізде болса, 2015 жылы Ресей Сириядағы ДАИШ-ты Каспийдегі флоттан зымыранмен атқылаған еді. Оның сыртында Орталық Азия елдері үшін Иран — әлемдік суға ашылған қақпа. Парсы шығанағы арқылы тасымал баяуласа, бұл да жетіскеннен емес. Иранға салынған санкция салдарынан Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржол желісінің де толық потенциалы пайдаланылмай келеді.
Сәкен Нұрқабекұлы, саясаттанушы:
- Кез келген шиеленістің ар жағында біз білмейтін мүдде болады. Өкінішке қарай, сол мүдденің көбі жеке тұлғалардың амбициясынан шығып жатыр. Әсіресе, авторитар елдерде билік тізгінін ұстағандар өзінің жеке көзқарасын мемлекеттік ұстанымға, жеке мүддесін мемлекеттік мүддеге теңеп алады. Өйткені билікте ұзақ отырған адам субъектив пікірінің қай жерден аяқталып, қай жерден объектив шындық басталатынын ажыратудан қалады. Қазіргі Иран саясатына бір сөзбен осылай баға беруге болады. Әрине, мұндай шиеленістің пайда болуына Дональд Трамптың да тұлға ретінде әсері болды. Бірақ ол жеке ұстанымына ғана сүйеніп олай талтаңдай алмайды. Қазір АҚШ Жоғарғы соты Дональд Трампқа қатысты жарияланған импичментті қарауды бастады. Оған себеп — АҚШ басшысының Украина Президенті Владимир Зеленскиймен жеке байланыс орнатуы. Көрдіңіз бе, демек, Дональд Трамп бір қағазға қол қойып, Қасым Сүлейманиді өлтіруге пәрмен бере алмайды. Пәлендей үлкен әскери операция ұйымдастыруға құзыреті жетпейді. Демократиялы елде жеке тұлға амбициясының мемлекеттік саясатқа ықпалы шамалы, АҚШ пен Иранның басты айырмашылығы осында. Иранға осы уақытқа дейін жасалып жатқан қысымның да себебі — осы. «Сендер демократиялы ел емессіңдер, адам құқықтарының қорғалуына жағдай жасап жатқан жоқсыңдар. Жеке адамның ықпалынан шыға алмайсыңдар» дегенге саяды. Әрине, ар жағында АҚШ-тың экономика мүддесі жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ бұл ашық түрде тағылған айып және ол — шындық. Бұл — Иран өзіне қысым жасалуына өзі ыңғай беріп тұр деген сөз.
- Қалай өрбитінін нақты болжап айту қиын. Себебі авторитар елде барлығы бір адамның шешіміне байланысты болады. Олардың ойына не кіріп, не шығып жатқанын ешкім білмейді. Ал АҚШ-тың ұстанымы түсінікті. Олар сол бұрынғы талаптарын қоя береді. Қайтадан бірнеше санкция пакетін дайындап, бірте-бірте енгізе беруі мүмкін. Американың қазір Ирактан кете қоятын түрі жоқ. Оларға аймақтағы бұл тұрақсыздық жақсы сылтау болады.
- Егер шиеленіс өршіп кетпесе, АҚШ-Иран қатынасының Қазақстанға пәлендей экономикалық әсері бола қоймайды. Мұнай бағасы әлі де көтерілуі мүмкін. Тікелей саудада айтарлықтай тауар айналымы жоқ. Қазақстанға Ираннан травертин, кілем сияқты аз ғана зат келеді. Біздің елден ол жаққа түрлі металл, ауыл шаруашылығы өнімдері барады. Бұл сауданың жалғасуына да еш кедергі жоқ.
Руслан Жанғазы, саясаттанушы:
- Ең әуелі аталған қос алпауыттың текетіресі ғаламдық геосаяси үрдістердің күрделеніп бара жатқанынан хабардар етті. Ірі ойыншылардың саяси ойынының жаңа кезеңіне қадам басқан сияқтымыз. Халықаралық қатынастардың осыншалықты ушығып кетуі — бұрын-соңды болмаған жағдай. АҚШ Қасым Сулейманиді өлтірді, ал оған жауап ретінде Иран Американың әскери базасын зымыранмен атқылады. Саяси салдары жағынан бұл — ұшқары әрекеттер. Дүниежүзі үлкен соғыстың алдында тұрды. Енді бұл жанжалдың алғышарттарын талдайтын болсақ, мына мәселелерге назар аударуға тура келеді: әуелі АҚШ штаб бастықтарының бірлескен комитеті құрамындағы өңірлік басқармалары арасында Таяу Шығыс CENTCOM-ның жауапкершілік аймағына жататынын еске салайын, яғни ол өңір Американың ұлттық мүддесі үшін ең жоғары басымдыққа ие дегенді білдіреді. Тағы айта кететін жайт, АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынастың шиеленісіп кетуі 2019 жылдың желтоқсанынан әлдеқашан бұрын басталды. Таяу Шығыс өңірі бойынша маманданған сарапшылар 2019 жылдың басынан бастап әскери-саяси динамиканың күрт өзгергенін байқап, жазып келе жатыр. Соғыс оты шарпыған Таяу Шығыстағы қазіргі геосаяси ландшафттың авторы АҚШ екені баршаға белгілі және ресми Вашингтон өңірдегі шииттердің қос державасының — Ирак пен Иранның әсірежақындасуына көз жұмып қарай алмады. Ең басты себеп осы деп топшылаймын. Жанжал алдындағы ресми Тегеранның, соның ішінде марқұм Қасым Сүлейманидің, өңірдегі Иранның саяси, әскери және діни ықпалын күшейтуге бағытталған іс-шараларына көз жүгіртсек, мынадай тұжырымдарға иек артуға тура келеді:
- Иранның ықпалына Ирак, Сирия, Иордания, Ливан және Йемен түсіп қалды. Иордания патшасы Абдалла ІІ жариялаған геосаяси концепция бойынша бұл мемлекеттер — «шииттік жарты ай»;
- Тегеранның батыл әрі өрескел сыртқы саясаты араб елдеріне, әсіресе Сауд Арабиясына жақпай қалды;
- Таяу Шығыстағы геосаяси бәсекеде өзін жаңа лидер ретінде көрсетіп келе жатқан Түркияға да Иранның қауіпті ойын отын тұтатуы ұнайтыны екіталай;
- Иранды қас жауы санайтын Израиль жанжал болған жағдайда қарап қалмас. Өйткені Израиль — АҚШ-тың өңірдегі ең жақын серіктесі;
- Американың әскери қолдауына ие күрд қарулы жасақтары да өңірдегі бірсыпыра елдің мемлекеттігін шайқалту арқылы тәуелсіз Күрдістан құрғысы келетінін жасырмайды.
Бұған қосарым, көзі тірісінде Қасым Сүлеймани АҚШ-тың ДАИШ-қа қарсы кейбір әскери операциясының сәтсіздікке ұшырауын пайдаланып, өңірдегі «шииттік милиция» күштерін басқару арқылы сол аумақтарды өз бақылауына алған. Осылайша Таяу Шығыстың «шахмат тақтасындағы» мұндай жағдайға ресми Вашингтон бейжай қарай алмайтынын анық аңғартты.
2. Жалпы алғанда, Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдай өте күрделі. Жоғарыда айтылғандар — мүдделес тараптардың өте қарапайым тізбесі ғана, шындығында Таяу Шығыстағы стейкхолдерлер тым көп. Олардың әрқайсының өз ұстанымы және бірнеше мақсат-міндеті бар. Сондықтан «анау былай болады», «мынау былай болады» деп саяси болжам жасау мүмкін болмай тұр. Анығы — АҚШ пен Иран арасындағы жанжал нәтижесінде алай-дүлей болған «саяси бораннан» кейін халықаралық кернеу дәрежесін төмендету, яғни деэскалация шаралары екі жақтан да іске асырылды. Алайда жанжал түбегейлі шешілді деуге болмайды. Ең нашар сценарий ретінде осы қақтығыстың шектен шығуы және халықаралық қатынастар жүйесінің күйзелісі салдарынан экономикалық дамуда жеңіліс тапқан мемлекеттердің Ресей-Қытай-Иран-КХДР-Венесуэла жаңа әскери-саяси блогы дүниеге келеді деген тұжырымды қарастырамын.
3. АҚШ Президенті әкімшілігі мен барлау қауымдастығын жаһандағы әскери және геосаяси жағдайға қатысты талдау бағаларымен қамтамасыз ететін CSIS жетекші сараптау орталығының ақпаратына сенсек, Иранның Soumar қанатты зымыраны Қазақстанның кез келген өңіріне жете алады. Осы санаттағы зымырандар 2,5 мың шақырым радиусында орналасқан нысананы жоя алады. Каспий теңізінің игілігін бірлесе игеріп жүрген көршіміздің арсеналында мұндай жойқын қарудың болуы Еуразия құрлығының көп мемлекетінің қорғаныс қабілетіне қауіп төндіреді. Әрине, бұл тұжырым Иран бізге шабуыл жасайды дегенді білдірмейді. Қарсыласушы қос тараппен де біз стратегиялық әріптес негізінде қарым-қатынас жасаймыз және оны жалғастыруға мүдделіміз. Әзірше анығы — Қазақстан Қарулы Күштері зымыранға қарсы қорғаныстың ұлттық жүйесін қалыптастыруға білек сыбана кірісуі керек. Мәселенің екінші жағына ойыссақ, менің ойымша, бізге жанжалдасушы тараптардың арасына бейберекет түсуді доғару керек. Вашингтон мен Тегеран арасында болған жанжал саяси және дипломатия жолымен шешілуін қалаймыз. Кейінгі кездері Қазақстан дипломатиясына тән байсалдық пен көрегендік қасиеттерінен айырылып жатқан сыңайлымыз. Қазіргі таңда мемлекетіміздің ішкі саясатында жылдар бойы тиімді шешімін таппай, қордаланып қалған мәселелер айрықша назар аударуды талап етіп отыр.