Басты бетҚоғамАуыл шаруашылығы...

Ауыл шаруашылығы министрлігі тірі мал экспорттауға тыйым салды

Министрліктің мәліметінше, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша еліміз қайта өңделген өнім экспортын 2,5 есе арттырғалы отыр. Осыған байланысты бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарының өтініші бойынша Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрліктерінің 2019 жылғы 21 қазандағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын сыртқа шығарудың кейбір мәселесі туралы» бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл бұйрық тек ұрғашы мал басының экспортын уақытша шектейтін. Енді жасы мен жынысына қарамастан ірілі-ұсақты мал басын экспорттауға түгел тыйым салынады.

Маңызды құжаттың жобасын салалық сараптама ұйымдары, облыс әкімдіктері, «Атамекен» палатасы, Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мақұлдаған. Қазір мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.

Аталған бұйрыққа өзгеріс енгізу таяу жылдары қазақстандық мал басын сақтауға және ұлғайтуға, отандық ет комбинаттарын бағасы қолайлы сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және дайын өңделген өнімнің өндірісі мен экспортын арттыруға мүмкіндік береді, — деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, былтыр Қазақстаннан шетелге 156 мың бас ірі қара мал шығарылған. Оның көбі — 121,6 мың басы немесе 78%-і Өзбекстан Республикасына, тағы 14%-і Арменияға экспортталған. Сонымен бірге елден 264 мың бас қой шығарылған, оның жартысынан көбі — саулық. Мүйізді ұсақ малдың басым бөлігі, яғни 200 мыңнан астамы (76%) Өзбекстанға, 21,5 мың басы (8,1%) Ресей Федерациясына, 18 мың басы (6,7%) Әзірбайжанға, шамамен 12 мың басы (4,5%) Иранға тасымалданған.

Министрліктің мәліметінше, тірі малдың жаппай экспорты ет өнімдері бағасының өсуіне негіз болды. Сонымен қатар қалыптасқан жағдай Қазақстанның өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдары жүктемесінің төмендеуіне себеп болды. Орташа алғанда, 2019 жылы еліміздегі ет өңдеу кәсіпорындары қуатын толық пайдалана алмаған. Олардың толық жұмыс істемеуіне де шикізат тапшылығы, яғни тірі малдың жаппай экспортталуы себеп болды.