Министрліктің мәліметінше, Президенттің жарлығымен Абайдың 175 жылдығына дайындық пен мерейтойды өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамы бекітілді. Бүгінде мерейтойдың жалпыреспубликалық жоспары дайын. Жоспар 82 тармақты қамтиды, оның ішінде ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, класс сағаттары, әдеби конкурстар, баспасөз турлары мен басқа да шаралар бар. Сонымен қатар облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктері мерекелеудің өңірлік жоспарын әзірледі.
Маңызды жобалардың бірі — Абай шығармаларының жинағын шетелдің 10 тіліне: француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс, итальян тілдеріне аударып, дүниежүзінің түкпір-түкпіріне 3 мың данамен тарату. Сонымен бірге Абайдың өмірі, шығармашылығы, мұрасы мен қазақ мәдениетін дамытудағы ролі туралы үш деректі-қойылымдық фильм шығарылады.
2020 жылғы тамызда Семейде «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Мерейтой аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориал музей-қорығына және ақын есімімен байланысты басқа да тарихи-мәдени мұра объектілеріне, оның ішінде Абай мен Шәкәрімнің басына ғылыми-реставрация жүргізіледі, елді мекендер абаттандырылады, білім мекемелері мен көшелерге Абай есімі беріледі. Театрлар мен басқа да мәдениет мекемелері арнайы бағдарлама ұсынады.
Мерейтой ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ деңгейінде де тойланады. 2020 жыл ТҮРКСОЙ шеңберінде Абай жылы деп жарияланған. Биыл ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері орналасқан Парижде Абайдың 175 жылдығына арналған салтанатты шара өтеді.
Нұрғиса Дәуешовтың айтуынша, Абай жылы аясында барлығы 500-ге жуық шара ұйымдастырылады.
Мәдениет және спорт министрлігіне жыл сайын бір жылға жоспарланған мәдени шаралар, гастроль сапарлары, концерттер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар үшін бюджеттен қаржы бөлінеді. Биыл бөлінген қаражаттың барлығын Абай жылына арнап отырмыз. Абайдың 175 жылдығына арналған шаралардың бәріне тек Мәдениет және спорт министрлігі үшін шамамен 3 миллиард теңгеге тарта қаражат қарастырылып отыр, — деді Нұрғиса Дәуешов.