Ақтөбе облысы аумағына қандай зымыран сынығы түскені анықталды

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша табылған бөлшек атмосфераның жоғарғы қабатын зерттеуге арналған геофизика зымыранынікі.

Зымыран сынығы түскен жерде радиация фоны өлшенді, топырақ пен қар сынамасы алынды. Қалдық қоршаған ортаға да, Ақтөбе облысы тұрғындарына да қауіп төндірмейді. Гамма-сәулелену дозасының қуаты жергілікті жердің табиғи радиация фонынан аспайды. Сонымен бірге Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары әлеуметтік желілерге сілтеме жасап таратқан «Искандер-М» зымыранының бөлшегі туралы ақпарат расталмағанын да хабарлаймыз, — делінген министрліктің хабарламасында.

Еліміздің Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қазақстан аумағындағы полигондарды Ресей Федерациясы екі ел арасындағы мемлекетаралық келісім бойынша 1995 жылдан бері жалдайды. Министрлік бұл келісімге полигондарды қолданудағы қауіпсіздік шараларын күшейту туралы түзету енгізуге бастама көтеріп отыр.

Еске салайық, 9 қаңтарда Ақтөбе облысындағы Байғанин ауданы аумағынан зымыран сынығы табылған еді. Оқиғадан зардап шеккен адамдар мен қираған нысандар жоқ. ҚР Қорғаныс министрлігі Ресей Қорғаныс министрлігі сынақ орталығының жоспарлы оқу-жаттығуы кезінде бір зымыранның сынығы белгіленген орыннан тыс жерге түскенін, бірақ жарылыс болмағанын хабарлады.