«Байқоңырды» жалға беру шартын өзгертетін заң қабылданды

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресеймен арадағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартын өзгерту туралы хаттаманы ратификациялады.

Мемлекет басшысы «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, — деп хабарлады Ақорда сайты.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңға да қол қойды.

Еске салайық, Ресей «Байқоңыр» кешені аумағына қарасты 11,6 мың гектар жерді қайтарғалы отыр. Бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан мен Ресей арасында «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы 1994 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы талқыланған еді. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың мәліметінше, Қызылорда облысындағы Төретам ауылының мәселелерін шешу үшін ауданы 1 740 гектар болатын екі учаске жалдан қайтарылды. Ауданы 9 950 гектар болатын тағы екі учаске «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі мен Алматы — Мәскеу теміржолын және «Бейнеу — Шымкент» газ құбырының бір бөлігін салу мен пайдалануға беру үшін қайтарылды.

Министрдің айтуынша, Қызылорда облысы аумағындағы бұл төрт учаске қайтарылғанымен Ресейдің қазақ жерін жалға алу төлемі азаймайды және бұл республика бюджетінен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді.

Еске салайық, Қазақстан мен Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыраны кешенін жасауға уағдаласқан еді. Келісім аясында айлақ нысандарының бір бөлігі жалға беруден шығарылып, Қазақстанға қайтарылады.