Иран украин ұшағы апатына қатысты жаңа мәлімдемеге түсінік берді

«РИА Новости» агенттігінің хабарлауынша, Иран Канада мен басқа да елдерден әуе апатына қатысты ақпарат алмасуды сұрап отыр.

Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Аббас Мусави Канада Премьер-министрі Джастин Трюдоның мәлімдемесі жөнінде пікір білдірді. Джастин Трюдо «Иран Украина халықаралық әуе желілерінің Boeing 737-800 ұшағын зымыранмен кездейсоқ атып алғанын дәлелдейтін барлау мәліметі бар» деп мәлімдеген еді.

Иран Канада Премьер-министрінен және басқа да елдерден қолда бар ақпаратын Ирандағы осы оқиғаны тергеп жатқан комитетке беруді сұрайды, — деп мәлімдеді Аббас Мусави.

Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Канаданың, Украинаның және әуе апатынан азаматтары зардап шеккен басқа да елдерді, сонымен бірге Boeing компаниясы мамандарын оқиғаны тергеуге шақырды.

Иран Азаматтық авиация ұйымының басшысы Әли Абедзаде «ұшаққа зымыран тию мүмкін» деген мәлімдемені жоққа шығарып отыр.

Украина халықаралық әуе желілеріне қарасты Boeing 737-800 ұшағы 8 қаңтарға қараған түні Тегераннан ұшып шыққаннан кейін апатқа ұшырады. Киевті бетке алған лайнерде 167 жолаушы мен экипаждың тоғыз мүшесі болған. Борт түгел опат болды. Қаза тапқандардың арасында Иран, Украина, Канада, Германия, Швеция, Ауғанстан азаматтары бар.

Иран Азаматтық авиация ұйымы ұшақ апатын тергеудің алғашқы нәтижесін жария етті. Ұйымның алдын ала есебінде жолаушылар ұшағы жерге түспей жатып-ақ жанып кеткені айтылады. Қарастырылып отырған негізгі нұсқа — ұшақтың құлауына двигательдің істен шығуы. Лайнердің қозғалыс траекториясына қарағанда экипаж ақау байқалғаннан кейін әуежайға қарай бұрылған. Бірақ пилоттар борттағы штаттан тыс жағдай туралы ешқандай хабар бермеген.