Басты бетЖаңалықтарТерминолог ғалым...

Терминолог ғалым Өмірзақ Айтбаев дүниеден өтті

Академик, филология ғылымдарының докторы, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Өмірзақ Айтбаев 83 жасында өмірден өтті. Бұл туралы ақпарат Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Facebook желісіндегі парақшасында жарияланды.

2020 жылдың 9 қаңтары күні таңертең Алматыда асқар тау ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмiрзақ Айтбайұлы Айтбаев дүниеден өтті. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты ұжымы Өмірзақ Айтбайұлы отбасының қайғысына ортақтасып көңiл айтады, — деп хабарлады институт мамандары.

Өмірзақ Айтбаев 1936 жылы қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында туған. Ол 1959-1962 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінің əдеби қызметкері, 1962 -1974 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер, 1974-1981 жылдары аға ғылыми қызметкер, 1981-1989 жылдары институттың терминология және аударма теориясы бөлімінің меңгерушісі, 1973 жылы «Ғылыми терминологиялық орталықтың» директоры, Министрлер кеңесі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі жəне ғылыми хатшысы қызметтерін атқарды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамында 1989 жылдан бері вице-президент, 2004 жылдан бері президент болды.

Ғалым тіл білімінің аудармадағы фразеологизмдер, қазақ терминологиясы мәселелері, терминді аудару, әдеби терминологиялық лексика тақырыптары бойынша көп еңбек жазды.

2019 жылдың қазан айында Өмірзақ Айтбаевқа Қазақстандағы тілдер туралы алғашқы заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай Президенттің алғысхаты берілген еді.