23 жастағы Армангүл Болатжан — І топ мүгедегі. Отбасында сегіз баланың кенжесі. Өзінің айтуынша, анасы толғақ кезінде қайтыс болған. Құрсақтағы Армангүлдің жүйке жүйесіне зақым келіп, балалардың церебрал сал ауруы диагнозымен туған.
Әкем денсаулығымның кінәратына қарамастан еңбекке ерте бейімдеді. Маған «ол істей алмайды» деп ешқашан жанашырлық танытқан емес. Әпкелеріммен бірге үй жинадым, сиыр саудым, көшеден су да тасыдым, — дейді Армангүл.
Армангүл 11 жасында әкесінен де айырылды. Оны туған әпкесі мен жездесі қамқорлығына алып, Нарынқолдан Алматыға көшіріп әкеледі. Қазір Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университетінің бухгалтерлік есеп мамандығының 4-курс студенті.
Еңбек нарығы қанша қабілетті болсаң да, диплом талап етеді. Жасырып қайтейін, бір жапырақ қағаз үшін оқып жатырмын. Болашақта бухгалтер болып жұмыс істегім келмейді. Тұрмысқа шыққанда да «дипломы бар ма екен?» деп қарайды ғой. Қалыңмалым көп болсын деп оқып жатырмын, — дейді ол әзілдеп.
Армангүл — спорттық бидің паралимпиадалық түрі шеберлерін дайындайтын клубтың мүшесі. Арбада отырып билеп жүргеніне 3 жылдан асты. Ол орталыққа алғаш келген кезде киімінің жағасын жөндеп, шашын тарауға да шамасы келмеген. Қазір небір қиын қимылды жасай алады.
Жаңа би түрін үйренген сайын үміт пен қорқыныш қатар жүреді. Бұл спорт түрінің қиындығы — бар қимыл-қозғалысты арбада отырып жасау. Ол артистік өнер мен әсемдікті де талап етеді. Бимен айналыса бастаған кезде қараңғы түнектен құдды бір жарық әлемге келгендей болған едім, — дейді Армангүл.
Арбада отырып билеу спорты мүгедектігі бар қыздың денсаулығына оң әсер еткен. Оның жағдайының жақсарғанын көріп, дәрігерлер Армангүлден қандай дәрі ішіп жүргенін сұраған.
Мен ешқандай дәрі ішкен жоқпын, тіпті Қытайда жасатқан операцияның да әсері болмады. Би билеп, спортпен шұғылданғаннан кейін ғана денсаулығым жақсара бастады. Одан кейінгі себеп — ойымның өзгергені. Кей ата-ана баласын аяп, «отыра бер, өзім істей саламын, әпкең киіміңді жуа салады, сенен гөрі ол жылдам» деп баланың қимылдауына шектеу қояды. Мүгедектігі бар баланы өзге баламен тең көріп, жұмсау керек. Сонда ғана ол ешкімнен кем емес екенін сезінеді, — дейді пікірлесушіміз.
Армангүлдің айтуынша, адамда көбіне мүмкіндік жүріп-тұру жағынан емес, рухани жағынан шектеулі болады. Емін-еркін қозғалатын адам өмірді бағалай бермеуі мүмкін. Өмір бір рет берілетіндіктен әр күнді ардақтап, әр мезеттің құнын білу керек.
Мен үйде де, қоғамда да пайдамды тигізіп жүргім келеді. Өмірде сынуға, еңсемді түсіруге қақым жоқ. Маған ата-анамның сыйлаған өмірі — аманат. Миым мен жүрегімнің мүмкіндігі 12 мүшесі сау адамға қарағанда шексіз, — дейді Армангүл Болатжан.
Кейіпкеріміз қазір Нұрсұлтан Асқарұлы есімді жас продюсермен бірге өзі сияқты мүгедектігі бар адамдарға арнап қайырымдылық кешін өткізумен айналысып жүр. Кемтар жандарға арналған «Жастар жалыны» қоғамдық бірлестігін де ашқалы отыр.
Мүгедектігі бар азаматтардың халықаралық күніне орай «Мүмкіндігім шектеусіз» атты қайырымдылық кешін өткіздік. Жаңа жылға орай мүгедектігі бар 250 жанға мерекелік кеш ұйымдастырдық. Қазір «Жетісу» арнасымен бірлесіп жаңа жобаның тізгінін ұстауға дайындалып жатырмыз, — дейді Нұрсұлтан Асқарұлы.
Армангүл өзі сияқты жүріп-тұруы қиын және өмірден түңіліп жүрген азаматтарға демеу болып, оларға түзу жол көрсетуді армандайды. Болашақта мотиватор болу жоспары бар.
Өзіңді дамытудың бір қадамы — талап қою. Мүгедектігім бар деп өзімді аяп отырғым келмейді. Басқасын білмеймін, менің мүмкіндігім орасан, — дейді Армангүл.