Қытайда есірткі контрабандасы бойынша айыпталған Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот шешімі өзгеріссіз қалды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот үкімі бүгін — 27 желтоқсанда жарияланды.
Қытай соты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот отырысына адвокаттар мен Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігінің консулы қатысты. Сот үкімі 10 күн өткен соң күшіне енеді, — деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов үкімге шағым түсіретінін хабарлады.
Қорғау тарапы сот үкіміне шағым келтіруді және Ақжарқын Тұрлыбайды Қытайдан Қазақстанға беруге күш салуды қарастырады, — деп жазды Сұңқар Нұрмағамбетов Facebook-парақшасында.
Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурыз айында есірткі затын тасымалдады деген күдікпен Гуанчжоу әуежайында ұсталды. 2015 жылдың маусымында сот Қазақстан азаматын өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда 2016 жылдың мамыр айында үкімнің күші жойылып, іс сот талқылауына қайта жіберілді.
Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Зуһра Сейтімова Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдаған еді. Президент кеңесшісі Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл хат туралы білетінін және мәселені қарастыратынын мәлімдеді.