Bek Air ұшағы апатынан журналист Дана Круглова қаза тапты

Bek Air ұшағының апатынан Informburo.kz порталының шығарушы редакторы Дана Круглова қайтыс болды.

Ақпарат құралы порталының хабарлауынша, Дана Круглова Жаңа жылды Нұр-Сұлтанда ата-анасымен бірге қарсы алмақ болған.

Дана Круглова нағыз журналист еді. Оның мақалалары резонанс туғызып, редакцияның барлық қызметкеріне үлгі болатын. Дана қаңтарда шығарушы редактор болды, 1 желтоқсаннан бері журналистік зерттеу бөлімін басқарды. Дана адал, батыл әрі шыншыл болды. Бұл — біз үшін орны толмас қайғы, — деді Informburo.kz бас редакторы Михаил Дорофеев.

Дана Круглова 1984 жылдың 8 сәуірінде туған. Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Informburo.kz редакциясында 2016 жылдан бері жұмыс істеді.

Baribar.kz ұжымы Дана Круглованы білікті журналист әрі адам құқығын қорғаумен айналысатын қоғам қайраткері ретінде құрметтейді. Редакция әріптесінің қазаға ұшырауына байланысты оның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

27 желтоқсанда сағат 07.22-де Алматы маңында Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады. Әуе компаниясының рейсі көтерілер кезде биіктікке ие бола алмай, бетон қоршауды бұзып өтіп, тұрғын үй секторындағы екі қабатты құрылысқа соғылды. Апат салдарынан 12 адам опат болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, апатқа кінәлілер қатаң жазаланатынын хабарлады.