Басты бетЖаңалықтарЖелтоқсанның 27-сіндегі...

Желтоқсанның 27-сіндегі ауа райына жасалған болжам

Желтоқсанның 27-сінде тұман түседі, көктайғақ болады, боран соғады, жел күшейеді. Қазақстанның батысына Қара теңіз аудандарынан ауысатын циклон әсер етеді, сондықтан батыс пен солтүстік-батыста жаңбыр, қар жауады. Елдің қалған аумағында атмосфера қысымының жоғарылауына байланысты күн жауын-шашынсыз болады.

«Қазгидромет» мамандарының болжамына қарағанда Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды облыстарында тұман түседі, күндіз жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді, Түркістан, Қызылорда облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жариялады. Шығыс Қазақстан облысында тұман түседі, жаяу бұрқасын соғады, жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында жаяу бұрқасын соғады, жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді, Ақмола облысында ескерту жарияланды. Ақтөбе облысында тұман түседі, көктайғақ болады, облыстың Мұғалжар ауданында жел екпіні секундына 18 метрге дейін күшейеді, өңірде ескерту жарияланды. Қостанай облысында тұман түседі, күндіз боран соғады, көктайғақ болады, жел екпіні секундына 18 метрге жетеді. Алматы облысында тұман түседі, Жалаңашкөл көлі ауданында жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында тұман түседі, Атырау облысында көктайғақ болады.