Трипофобия — шоғырланған тесіктерден қорқу, ондай ұсақ тесік кез келген затта болуы мүмкін: жуыну жөкесінде де, араның ұясында да, торлы резеңкеден немесе пластмассадан жасалған бұйымдарда да. Термин 2004 жылы қолданысқа енген.
Дерматовенеролог Зинура Сапабекованың айтуынша, трипофобия ауру емес, дегенмен асқынса, ағзаға кері әсері болады. Фобияның бұл түрі «аса қауіпті тері ауруын жұқтырып аламын ба?» деген қорқыныш сезімінен пайда болады. Мұндай адам жиіркенішті жараны, асқынған безеуді, тесіктерді көрген кезде өзін жайсыз сезінеді.
Трипофобияның патологиялық 3 түрі бар:
- Жеңіл түрі — тітіркену, жүйкенің сыр беруі, мазасыздану;
- Орташа түрі — жүрек айнуы, тері бөртпелері, қышыну және дірілдеу;
- Асқынған түрі — үрей, бас ауруы және құсу.
Мұндай фобиясы бар адам есінен танып қалуы әбден мүмкін. Дұрыс дем ала алмай, тынысы тарылады. Шамадан тыс терлеп, эмоция күйзелісі салдарынан денесінде дақтар пайда болады, — дейді дәрігер Зинура Сапабекова.
Дерматовенерологтың айтуынша, трипофобияны емдеудің клиникалық тәжірибесі жоқ. Адам өзін-өзі тыныштандыру арқылы ғана психикасын реттей алады.
Ал психолог Самал Қанатқызының айтуынша, трипофобия сезімі меланхолик адамдар арасында жиі кездеседі. Олар өте нәзік әрі сезімтал келеді. Адам жиіркенішті сурет пен видеоны жиі көріп, оны жүрекке жақын қабылдауынан фобиясы асқынады. Содан денесі тітіркеніп, осындай сезімге душар болады.
Қорқыныш — адамның әлсіз тұсы. Ол — өзімізді қорғауға арналған қалыпты әдіс. Ал фобия — патология. Фобияны жеңу оңай емес, — дейді психолог Самал Қанатқызы.
Мысалы, тышқанды көргенде кейбір адамның құйқасы шымырлап, денесі еркінен тыс тітіркенеді. Кеміргіштің тиіспейтінін білсе де, қатты қорқып, жайсыз сезініп тұрады. Трипофобияның эффекті де сондай, мұндай фобиясы бар адам құжынаған ұсақ тесікті, кедір-бұдыр ойық-жырықты көргенде оның әсте қауіпсіз екенін естен шығарып алады.
Психологтың айтуынша, қорқынышты өзін-өзі жүйелі сендіру арқылы жеңуге болады. Егер бұдан нәтиже болмаса, психотерапевтке көрінген абзал.