Биыл прокурорлар қанша азаматтың құқығын қорғады?

Қазақстанда қылмыс саны былтырға қарағанда 17% азайды. Бұл туралы Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов мәлімдеді.

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, ведомство алқасының кеңейтілген отырысында органның 2019 жылғы жұмысы қорытындыланды.

Бас прокурордың мәліметінше, елдегі криминоген жағдай жақсарған. Қылмыстық құқықбұзушылық саны 17%, соның ішінде кісі өлтіру 11%, бұзақылық 28%, есірткі қылмысы 12% азайған.

Біз кез келген заңбұзушылыққа дер кезінде төтеп беруге тиіспіз. Ең тиімдісі — оларға мүлдем жол бермеу, — деді Ғизат Нұрдәулетов.

Алқа отырысында қоғамдық мүддені қорғау сферасында жүргізілген тексерулер нәтижесі туралы айтылды. Биыл прокурорлардың көмегімен 30 мың қызметкердің жалақысы өтелген. Уақытында төленбеген жалақының жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден асады.

Прокурорлық ықпал ету актілері бойынша 17 мыңнан астам адам түрлі жауапкершілікке тартылды. Мемлекетке 30 миллиард теңге өндіріп алынған. Ешкім пайдаланбай жатқан 37 мың жер телімі қайтарылды.

Соттарда мемлекеттің жалпы сомасы 47 миллиард теңге болатын мүлкі қорғалған.

Ғизат Нұрдәулетов отырыста Президент Жолдауының негізгі бағыттарына айрықша мән берді. Қылмыстық процесте заң мен адам құқығын ескерудегі прокурорлардың үйлестіруші роліне баса назар аударды.

Биыл прокурорлар 219 адамды негізсіз қудалауды тоқтатты. Заңсыз ұсталған 725 адам босатылған.

Сот орындары прокурорлардың өтініші мен наразылығы бойынша 1172 азаматқа қатысты үкімді қайта қарады. Прокурорлардың бастамасымен 36 адам ақталды.

Прокуратура органдары әрбір арыз бойынша жедел әрі тынымсыз жұмыс істеуі керек. Жұртшылықпен етене қарым-қатынас — негізгі басымдықтардың бірі. Біз жаттанды тәсілдерден мүлдем арылуымыз қажет, — деді Ғизат Нұрдәулетов.

Алқа отырысының соңында Бас прокурор алдағы жылға арналған басым міндеттерді айқындады.