Дінмұхаммед Шаймерден 4 жаста. Мерекеде көңілі көтеріліп, өзімен қатар балаларды көргеніне мәз болды. Анасы эстрада әншілері балаларды мерекемен құттықтап келгеніне қуанышты.

Балам кештің жүргізушілері мен әншілерге қарап, «микрофонды маған алып бер» дейді. Аты Дінмұхаммед қой, микрофон сұрағанына қарағанда Димаш сияқты әнші болатын шығар, — дейді анасы Рыскүл Дүйсенқызы.

Шаймерден Дінмұхамед. Анасы Рыскүл Дүйсенқызы
Дінмұхамед пен анасы Рыскүл Дүйсенқызы. Фото автордікі

Медеу ауданы бойынша мүгедектігі бар 3 498 адам тіркелген. Оның 608-і — 16 жасқа дейінгі бала. Жаңа жылға арналған кешке қала бойынша 300 бала қатысты.

Мүгедектігі бар балаларды қуанту Медеу ауданы әкімінің ұсынысы болған. Ұсынысты әкімдік қызметкерлері бірден қолдап, кеш өткізді. Мүгедектігі бар балалар жиі қыдырмайды, адамдармен көп араласпайды. Ұйымдастырушылар соны ескеріп, кеш арқылы балаларды қуантпақ болған.

Біз қала бойынша мұндай шараны бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. Балалар теледидардан жақсы көріп тыңдайтын әншілерін сахнадан жақынырақ көрсе дейміз, — дейді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев.

Кеште 2020 жылы жүзеге асатын 12 әлеуметтік жобаны қолдау үшін аукцион ойнатылды.

Қайырымдылық кеште Айгүл Иманбаева, Қарагөз Сүлейменова, Жанболат пен Жазира, Өктем Алтаев және басқа да эстрада әншілері балаларды келе жатқан 2020 жылмен құттықтап, денсаулық пен бақыт тіледі. Балалар Аяз атаға жазған хатын шыршаға іліп, тілек тіледі.