Алматы әкімі троллейбустарға қатысты қауесетке түсінік берді

Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуде Бақытжан Сағынтаевқа көп мәселемен бірге қоғамдық көлікке қатысты сауалдар да қойылды.

Бақытжан Сағынтаев, Алмалы ауданы
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Қала басшысы Алмалы ауданы тұрғындарымен еркін микрофон форматында кездесті. Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде тұрғындар ПИК-тер (пәтер иелері кооперативтері) мен монополистердің жұмысына шағымданып, қаланың экологиясын жақсарту мен өмір сүруге жайлы жағдай жасау жөнінде ұсыныстар айтты.

Алматы әкімі бұған дейін ауданның тұрғындарымен тамызда кездескен еді. Сонда тұрғындар 90-нан астам ауызша және жазбаша сұрақ қойған. Бүгінгі жиында сол мәселелердің қалай шешіліп жатқаны баяндалды.

Алмалы ауданында урбанистика мен жайлы орта қалыптастыру мәселесі әлі де өзекті. Ол үшін 18 шақырым тротуар салып, мүгедектігі бар жандарға арналған 28 шақырым жолды қайта салу қажет. Әкім 26 учаске маңына сыртқы жарық орнатылып, 49 аула аймағы мен 28 көшеге сыртқы жарық орнатылатынын айтты.

Полицияның жаңа сервисіне байланысты ауданда адамдар көп жиналатын орындар мен бейберекет сауда орындары маңына полицияның үш модульді тұрағы қойылды. Осы уақытқа дейін бұл тұрақтарға 175 адам жүгінген.

Бақытжан Сағынтаев, Алмалы ауданы
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Ауданда 2016-2017 жылдары 221 аулаға спорт және ойын алаңдары салынған еді. Олардың 192-сі келер жылы қалпына келтіріледі, ал қалғаны 2021 жылы жөнделеді. Аудандағы ескі үйлерді бұзумен жеке инвесторлар айналысып жатыр. Биыл 7 ескі үй бұзылып, 52 отбасының баспанасы жаңарған.

Мектептегі орын тапшылығын жою үшін Райымбек даңғылы мен Нұрғиса Тілендиев көшесінің қиылысына 1000 орындық мектеп салу жоспарланған. Келер жылы №144 мектеп-гимназиясы жанына салынатын қосымша нысанның құжаттары әзірленіп жатыр.

Бүгінгі кездесуде ПИК-тердің жұмысына және “Алматытелеком” компаниясының байланыс қызметіне көп шағым айтылды. Көшелерде қоқыс жәшігінің аздығы мен парктер мен демалыс орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге назар аудару керек екенін еске салды. Тұрғындар экологияны жақсартып, қаланы жасылдандыру, оның ішінде шырша бағын бөлу бойынша да ұсыныс айтты.

Аудан тұрғындарын қоғамдық көліктің жұмысы да алаңдатады. Бұл мәселе бойынша Бақытжан Сағынтаев қала және жеке автопарктер есебінен автобустар саны көбейетінін айтты. Әкімге “Қала троллейбустардан бас тартатыны рас па?” деген сұрақ қойылды. Қала басшысы қоғамдық көліктің бұл түрін жабу туралы әңгіме қозғалмағанын айтты.

Троллейбустар жұмысын жалғастыра береді. Келер жылы оның байланыс желісі мен инфрақұрылымын жаңартамыз, – деді Бақытжан Сағынтаев.

Кездесу соңында қала басшысы мұндай жиында қойылған сауалдар проблемаларды тиімді шешуге ықпал ететінін айтты. Әкім қалалықтарды белсенді болуға және қаланы жақсартуға қатысуға үндеді.