2019 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері 907 адамның радикал көзқарасын өзгертті. Бұл туралы 19 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда Терроризмге қарсы орталық жұмысы қорытындыланған отырыста айтылды.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырысты комитет төрағасы Кәрім Мәсімов өткізді. Онда биыл 7 радикал топ пен жекелеген 34 экстремистің қылмыстық әрекетіне тосқауыл қойылғаны айтылды. Мамандар үш террорлық актінің жолын кесті.

Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама табысты жүзеге асып жатыр. ҰҚК 2019 жылға белгіленген барлық мақсатына жеткен. 2,5 миллион адамға терроризмге қарсы тұруды түсіндірген.

Радикал көзқарастан 907 адам қайтарылды. Бас бостандығынан айыру орындарында террористік және экстремистік қылмыс жасағаны үшін жазаға тартылған 162 сотталушы радикалсыздандырылды, — деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

Өңірлерде «Жусан» гуманитарлық операциясы шеңберінде терроризм аймақтарынан қайтарылған әйелдер мен балаларды оңалту жұмысы жолға қойылды. Елге қайтарылған әйелдердің үштен бір бөлігі бұрынғы ой-көзқарасын өзгерткен.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті биыл қоғамды терроризм мен экстремизмді насихаттаудан қорғау мақсатында интернет кеңістігін бақылайтын автоматтандырылған жүйені іске қосқан. Жүйе әлеуметтік желілердегі заңға қайшы контентті айқындауға және артынша бұғаттауға мүмкіндік береді.

ҰҚК радикал топтарға қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш заттар жеткізудің 17 фактісінің жолы кесіп, оқсыз ататын қару түрлерінің айналымына бақылау да орнатқан.

Өндірістік жарылғыш заттар мен материалдарды, қоймаларды және әскери бөлімдердің зымыран-артиллериялық қару-жарағын сақтау орындарын күзету режимі күшейтілді. Мемлекеттік орган басшыларымен аса маңызды объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесін жетілдіру шаралары қаралды, — деп хабарлады ҰҚК.

Отырыста Терроризмге қарсы орталықтың 2020 жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!