«Жас Алаш»
№240 (12777), 1991 жылдың 17 желтоқсаны, сейсенбі
1991 жылы «Жас Алаш» газетінің 17 желтоқсанындағы санында басты бетте «Жүрегімді сыздатқан Желтоқсанның жарасы» деген атпен әр өңірден келген мақалалар жарияланған. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданынан Төлеген Қалимажанов 1986 жылы 16 желтоқсанда болған оқиғаны еске алады.
Қарғыс атқыр сол бір оқиғаны есіме алсам, қазағым деп алаңға шыққаны үшін айуандықпен жазаланған аяулы боздақтарымыз бен қаракөз қарындастарымыздың жазықсыз төгілген қаны мен дәрменсіздіктен шырқырап шыққан жан дауысы құлағымда шуылдайды да тұрады, — дейді ол.
Автор КСРО ыдыраса да, әкімшіл-әміршіл жүйені сақтап қалғысы келетін, тіпті алмағайып уақытты пайдаланып, империалистік-сепаратистік әрекетті қолдаушылар бар екенін айтқан.
Ағаларымыз Олжас, Мұхтарлар не үшін алтын бастарын тауға да, тасқа да соғып жүр? Ойланайықшы бір сәт! Неге біз қор болып келдік, неге бізді басынуға бәрі құмар? Неше жыл бойы жерімізді ядро жарылысынан көз ашқызбағаны, бар байлығымызды тонағаны, халқымызды қынаша қырғаны, байтақ жерімізге қашқан-пысқан, қудаланғандарды әкеліп тығып, тілден де, діннен де айырғаны аздай-ақ, енді атамыз Абайды нашақор деп, бабаларымыз қанын төгіп, қорғаған жерімізге қол сұғып, батыс аймақтарымыздан қарулы казактар армиясын құрмақ болып отырғаны, шығысымыздағы даңғойлары полигонды зиянсыз деп айтқаны — қай қорлықтары? Сонда біз не үшін елміз деп жүрміз, намысымыз қайда? — дейді Төлеген Қалимажанов.
Орал облысындағы Ақсай тұрғыны Мұраден Смағұлұлы алаңда митинг ұйымдастырғандарды жаншығандар әлі де жазаланбағанына наразылық білдірген.
Сол жастарды ұрып-соғып, зәбірлеген, айуандықпен өлтірген «иттер» неге жер басып жүре бере алады екен? Неге осы кезге дейін оларды ел алдына шығарып айыптамасқа, неге құрғақ жазумен ғана келесіздер? Ол жауыздардың ішінде біразы өз ұлтымыздан да бар көрінеді. Оларды ел алдына шығарып, ақсақалдар сотына салу керек. Бұл жөнінде біздің құрметті де қадірлі ең таңдаулы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жолдас қандай ойда? — дейді Мұраден Смағұлұлы.
Семей облысы Үштөбе ауылынан Қалел Қабылқақұлы билікке Желтоқсан оқиғасына қатысты бірнеше талап қойған:
- Кінәсіз оқудан шығарылып, жұмыстан қуылған азаматтардың материалдық және моральдық шығынын қалпына келтіріп, оларды жазықсыз қудалау тоқтатылсын;
- Азамат Мұхтар Шаханов бастаған беделді комиссия жазықсыз жала жабылғанғандар мен түрмеде отырғандарды толық ақтап, оларға бостандық әперсін;
- Қанды қырғынды тікелей ұйымдастырушылар, кінәлі адамдар тезірек жауапқа тартылсын;
- Қазақстанның «Қазақ батыры» атағы тағайындалып, ол марқұм Қайрат Рысқұлбековке берілсін.
Айта кетейік, 1996 жылы Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілді.
«Егеменді Қазақстан»
№290 (20065), 1991 жылдың 18 желтоқсаны, сәрсенбі
«Егеменді Қазақстан» газетінде 1991 жылдың 18 желтоқсан күні Ермұрат Бәпи «Тәуелсіздік алдық, ендігі тындырар іс қайсы?» деген мақаласында елдегі азаматтардан тәуелсіздік алғаннан кейінгі өмір қалай болатынын сұраған.
Павлодар трактор зауытының технигі М.Жәмшібаева:
— Газеттің айдарындағы «егеменді» сөзін «тәуелсізге» өзгерту керек деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің мүддесіне сай тындырылған істер осылайша көрер көзге көрініп тұруға тиіс. Парламент тәуелсіздік алып берді деген — аты ғана, оны баянды ету әр азаматтың міндеті болуы шарт.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының мүшесі Ә.Жүкенов:
Құққа құл болуға құлшынған ел өзінің осындай ерік-жігерін әлдеқашан білдіруге тиіс еді. Ендігі басты мақсат — тәуелсіз ел ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болу.
Саудагер Э.Хегай:
Қазақстанның тәуелсіздігінен корей халқы қорлық көрмейтініне әбден сенімдімін. Себебі 40 жылғы ғұмырымда өзге жұртты білмеймін, қазақтың қамқор пейіліне көз жеткізген адаммын. Тіпті желтоқсанның 16-сынан кейін менің атажұртым — алыстағы Корея Қазақстанға тағы да бір табан жақындай түскендей болды.
Тепловоз машинисі А.Дедор:
Егер әлемнің басқа жерінде бұған дейін қазақ деген елдің тәуелсіздігі танылмаған болса, Қазақстан үшін мынадай заңды қадам айып па екен? Мұны мойындамау ұлыдержавалық кеудемсоқтықтың тағы бір белгісі дер едім. Енді республиканың халықаралық байланысын бұрынғыдан да күшейту керек. Басқаны білмеймін, Батыс елдері Қазақстан үшін құшақ жаюға даяр ма деп қаламын.
Медицина ғылымының кандидаты С.Қуатов:
5 жыл бұрын Геннадий Колбиннің күшпен, қантөгіспен таққа отырған күні мен республика тәуелсіздігінің жарияланған күні тұстас келгеніне таңданамын. Сондықтан болашақ туралы айтқанда ең әуелі 16 желтоқсанды Республика тәуелсіздігі күні деп жариялау керек.