Басты бетЖаңалықтарАлматы әкімі:...

Алматы әкімі: Өмір сүру сапасын арттыру — басты мақсатым

Kazakhstan Urban Conference-2019 отырысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы-2050» стратегиясының қоғам мен сарапшылар талқылауынан өткен нәтижесін ұсынды.

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Kazakhstan Urban Conference-2019 форумының пікірталас алаңында қоғамдық қауіпсіздік, қала көлігінің тиімділігі, экология, мегаполистің аумақтық дамуы, коммуналдық секторды жақсарту, еңбекпен қамту және басқа да мәселелер талқыланды. Форумға қатысуға стейкхолдерлер, урбанистер, сәулетшілер, экономистер, инвесторлар, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен қала тұрғындары келді.

Бақытжан Сағынтаев «Алматы-2050» стратегиясы үш негізгі қағидаға негізделгенін айтты, олар: жаңа экономика, жаңа кеңістік және жаңа коммуникациялар.

Біз алматылықтардың жоғары сапалы өмір сүруі қала экономикасының мықты базасы қалыптасқанда ғана мүмкін екеніне көз жеткіздік. Сондықтан стратегияда экономикалық дамудың «құрылымдық маневрі» жасалған, осының аясында біз креатив индустрияның, ақпарат технологиясының, туризмнің үлесін біртіндеп ұлғайтамыз, — деді ол.

Алматы әкімі екінші қағида — қаланың жаңа кеңістігін қалыптастыруды түсіндіргенде оңтүстік астананың «шетсіз қала» ретінде дамитынын тағы айтты.

Қала кеңістігін көпорталықтандыруға көшіру біртіндеп жүзеге асады. Өмір сапасының жоғары стандарттары қаланың барлық ауданында болуға тиіс және болады. Бұл — менің алдыма қойған басты мақсатым, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Үшінші қағида — жаңа коммуникациялар — қаланың ең өзекті мәселелерін қоғаммен бірге талдау. «Алматы-2050» стратегиясы осы қағида бойынша жасалды.

Стратегиядағы міндеттерді жүзеге асыру үшін 2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматы» кешенді жоспары, Алматы агломерациясын дамытудың «Үлкен Алматы» өңіраралық жоспары және «Алматы Бизнес-2025» бірыңғай өңірлік бағдарламасы қабылданды. Сонымен бірге «Алматы-2025» даму бағдарламасы, қаланы дамытудың мастер-жоспарының тұжырымдамасы, Алматының жаңа бас жоспары және сегіз ауданның әрқайсының үш жылдық даму мастер-жоспары әзірленеді.

Стратегияны әзірлеуге және талқылауға қаланың барша жұртшылығы белсенді қатысты деп нық сеніммен айта аламын. Оны дайындауға Алматының сарапшылар қоғамдастығы, Іскерлік кеңесі, Қоғамдық кеңесі, қалалық мәслихаттың депутаттар корпусы, бизнес-қоғамдастық, қаланың белсенді азаматтары мен тұрғындары кеңінен тартылды, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Стратегия жобасына қоғам мүшелерінен 1000-нан астам ұсыныс түсті. Оның шамамен 130-ы құжаттың қорытынды нұсқасында ескерілді. 234 ұсыныс ортамерзімді сипатына байланысты мемлекеттік органдардың операциялық жоспарына енеді. 123 ұсыныс таяу арада шешім шығару үшін Open Almaty жүйесіне тіркелді. Стратегия сарапшылар мен қоғам мүшелерінің пікірі бойынша толықтырылып, қалалық мәслихаттың қарауына ұсынылады.