Қазақстан Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырған ең жас контингенті бар елдердің қатарында. 2018 жылы Қазақстанда АИТВ инфекциясын жұқтырған 531 бала диспансерлік есепке алынған. Олардың жартысы — 239-ы Түркістан облысында, бестен бір бөлігі Алматыда және Алматы облысында тұрады. Мамандардың айтуынша, науқас балаларға психологиялық-әлеуметтік қолдау қажет.

2006 жылы Шымкент ауруханасында дәрігерлердің қатесінен балаларға жаппай АИТВ инфекциясы жұққан еді. Ресми мәлімет бойынша 149 бала ауру жұқтырып, олардың 9-ы бір жыл ішінде әртүрлі аурудан қайтыс болды.

Мәдина Аманова қызмет ететін «Ана мен бала» оңалту орталығы Шымкент пен Түркістан облысында бойында АИТВ инфекциясы бар балаларға психологиялық көмек берумен айналысады. Психологтың айтуынша, мұндай науқас балалармен жұмыс істеудің ең күрделі кезеңі — балаға АИТВ-статус туралы естірту.

Мәдина Аманова
Мәдина Аманова. Фото: Unicef.org

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы баланың АИТВ жұқтырғанын оған мектеп жасына жеткенде (6-12 жас аралығында) айтуға кеңес береді. Мәдина Аманова ол туралы балаға 9 жасқа дейін айтқан дұрыс деп есептейді.

Негізі балаға АИТВ-статус туралы ата-анасы немесе қамқоршысы естіртсе, әлдеқайда жеңіл болады. Бірақ көптеген ата-ана оған дайын емес екенін айтып, бізден естіртуді өтінеді. Олар баладан оның ауруын жасырғысы келеді. Бірақ бала бұл ауру туралы білмесе, дәріге немқұрайлы қарай бастайды, оны уақытында ішпейді. Сондықтан АИТВ-статусты жасыру балада күйзеліс, мазасыздық тудырып, емделуіне кедергі келтіреді, оның тәрбиесіне, қоғамдағы және мектептегі өміріне, сабақ үлгеріміне кері әсер етуі мүмкін, — дейді психолог.

Балаға оның АИТВ-статусы туралы қалай айту керек?

«Ана мен бала» оңалту орталығының психологы әуелі баладан бұл дерт туралы не білетінін, пікірін сұрайды екен.

Оның пікірін сұрау біз үшін өте маңызды. Бәлкім, бала бұл ауру туралы қате ойлайтын шығар. Әуелі соны түсіндіреміз. Оған АИТВ ауруын емдеудің қазіргі жетістігі, дәрі-дәрмектің күші туралы және тек оптимистік пікір айтамыз. Кейін ғана оның статусын ашық айтамыз. Содан кейін негізгі жұмыс басталады, — дейді Мәдина Аманова.

Өзінде иммун тапшылығы вирусы бар екенін, денсаулығы түрлі ауруға төзімсіз екенін әр бала әртүрлі қабылдайды.

Бірде 12 жастағы баламен әңгіме барысында «Бұл ауру менің болашақ балама қалай әсер етеді?» деп сұрады. Осылай кей бала терең ойлап, түсінуге тырысады, — дейді психолог.

Оларды қоғам қалай қабылдайды?

Психологтың айтуынша, қоғамда иммун тапшылығы вирусын жұқтырған адамдарға қатысты дискриминация мен фобия бар. Тиісті сауаты болмаған адам мұндай науқастар туралы естісе, олардан қашқақтап жүреді. Тіпті мектеп директорына өтініш жазып, баласын науқастармен араластырмауды сұрайтын ата-ана болады.

АИТВ адамнан адамға тек биологиялық сұйық арқылы жұғады. Олар: қан, сперма, жатыр сұйықтығы тағы басқа. АИТВ көбіне инфекция жұққан адаммен жыныстық қатынасқа түскенде және ортақ шприц қолданғаннан жұғады. Қоғам АИТВ туралы әлі дұрыс ақпараттанбаған. Қоғамда «АИТВ ауа, сілекей арқылы жұғады» деген миф бар. Оның үстіне, антиретровирус (АРТ) дәрісін уақытында ішіп жүрген адамның вирусы басқа адамға оңай жұқпайды, — дейді психолог.

Мәдина Аманованың айтуынша, қоғам иммун тапшылығы вирусы бар адамдарды түсінуге тырыса бермейтіндіктен науқастар үнемі қоғамнан қорқып, «айналамдағылар біліп қоймаса екен» деген үреймен, күйзеліспен өмір сүреді.

Оқушыларға АИТВ туралы ең бірінші ақпарат беруші — биология пәнінің мұғалімі. Психолог мұғалімдерге дәл осы тақырып туралы толық, түсінікті мәлімет беруге кеңес берді.

БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен «АИТВ және басқа да созылмалы ауруға шалдыққан балалар мен жасөспірімдерді психо-әлеуметтік қолдау» оқу модулін ұсынды.

Айта кетейік, Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының 30 қыркүйектегі мәліметінше, қазір Қазақстанда 24 389 адам АИТВ-мен өмір сүріп жатыр. Оның 12 953-і гетеросексуал жыныстық қатынастан, 745-і гомосексуал қатынастан, 9 718-і шприц арқылы және қалғаны басқа жолдармен жұқтырған.

Иммун тапшылығы вирусы бар адамның ағзасы инфекциялармен күресуге шамасыз болады. Иммунитетінің әлсіздігінен мұндай науқастың кез келген аурудан толық айығуы ұзаққа созылады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!