Ресей Президенті Владимир Путин мен Украина Президенті Владимир Зеленский жыл соңына дейін Украинаның шығысында атысты тоқтату режимін толық жүзеге асыруға келісті. «Азаттық» радиосының хабарлауынша, 9 желтоқсанда Парижде өткен «норманд төрттігі» саммитінен кейін таратылған ортақ мәлімдемеде осылай делінеді.
Тараптар жыл соңына дейін атысты тоқтату туралы келісімді толық және жан-жақты жүзеге асыру міндетін мойнына алады, атысты тоқтату үшін қажет барлық шараны жүзеге асырады, — делінген мәлімдемеде.
Бұған қоса, Украина мен Ресей жыл соңына дейін «бәріне бәрі» формуласы бойынша тұтқын алмасуға келісті.
Тұтқын алмасуға дайындалу үшін ең әуелі ауыстырылатын адамдардың тізімін жасау керек, — деді Владимир Зеленский.
Кездесуде Қызыл Крест ұйымының ұсталған азаматтарға баруына кедергі жасалмауға және Донбаста тағы үш жаңа ауданда әскер тарату орны белгіленуге тиіс екені де айтылды. Тараптар ресейшіл сепаратистер бақылауындағы аумақ пен Украинаның қалған бөлігі арасында жаңа өткізу орындары ашылуы қажет деген тұжырымға келді.
Төрт мемлекеттің басшысы сепаратистер бақылауындағы аумақта жергілікті сайлау өткізу мәселесін 4 айдан кейін қайта талқылауға келісті.
Бұл — Украина мен Ресей басшыларының 2016 жылдан бергі алғашқы кездесуі. Биыл мамыр айында президент қызметіне ресми түрде кіріскен Владимир Зеленский Владимир Путинмен бірінші рет кездесіп отыр.
Өткен шілде айында Еуропа одағы мен Украина ортақ мәлімдеме жасап, 2014 жылдың ақпан айынан бері Ресей әскері Украинаға агрессия көрсетіп келеді деп айтқан еді. Ресей Донбастағы қақтығысқа қатысы жоғын айтады.
«Норманд төрттігі» саммиті — Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу үшін 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кездесу форматы. Оған Украина, Ресей, Франция және Германия жетекшілері мен сыртқы істер министрлері қатысады.