10 желтоқсанда Қазақстанның оңтүстігінде, батысында және солтүстігінде ауа райы құбылмалы болады, жаңбыр, көбіне қар жауады, тұман түседі, көктайғақ болады, жел күшейеді. Антициклонның ықпалынан қалған өңірлерде күн жауын-шашынсыз болады.
«Қазгидрометтің» хабарлауынша, сейсенбіде Ақмола облысында тұман түседі, көктайғақ болады, жаяу бұрқасын соғады. Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында да тұман түседі, жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді, Жамбыл облысының кей жерінде көктайғақ болады. Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында көктайғақ болады. Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында тұман түседі.
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер 10-12 желтоқсан күндері Қазақстанның оңтүстік облыстарына Каспий теңізінің оңтүстігінен, ал солтүстік облыстарына Ресейдің Еуропа бөлігінің солтүстік аймағынан циклон келіп, соған байланысты жауын-шашын мен тұман түсіп, көктайғақ болатынын хабарлаған еді.