Алматыда патрульдеуді күшейту қандай нәтиже берді?

Алматы әкімдігінің аппарат жиынында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мәселелері қаралды. Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, онда Бақытжан Сағынтаевтың полиция жазда берген тапсырмасы қалай орындалғаны белгілі болды.

Биыл 29 шілдеде қала әкімі полиция департаментіне Алматыдағы қылмыс жағдайына сараптама жүргізуді, қаланың анағұрлым күрделі учаскелерін анықтауды, патрульдеуді күшейтуді және полицияның жедел ұтқыр пунктілерін құруды тапсырған еді.

Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев қоғамдық тәртіпті сақтау үшін тәулік сайын полицияның 1 650 қызметкері 550 бағыт бойынша патрульдеу жүргізетінін баяндады. Қылмыс ахуалы анағұрлым нашар 32 учаскеде патруль қызметкерлерінің саны 350 адамға дейін көбейді. Бұдан қылмыс көрсеткіші 17,4% азайыпты. Сол 32 учаскеде қылмысты «ізін суытпай» ашу 11,8% артты.

Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша ашылған полицияның 23 ұтқыр пунктіне бүгінге дейін 2,5 мың адам жүгінген, оларға заң бойынша көмек берілген. Алдағы уақытта мұндай пункт саны 32-ге дейін жетеді және олар адам көп жиналатын жерлерге орнатылады.

Алматыда патрульдеуді күшейту мен полиция пунктілерін көбейту қала бойынша қылмыс деңгейін 11% азайтуға мүмкіндік берген.

Тәртіп бұзудың белсенді профилактикасына патрульдеу бағыттарын реттеу мен оны белгілі бір учаскедегі қылмыс деңгейіне сай қарай күшейту сияқты кешенді шаралар кіреді. Алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыру, оның басым бағыты — қауіпсіздік бойынша жұмыс одан әрі жалғасады, — деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Еске салайық, өткен қараша айында Бақытжан Сағынтаев Алматының бірнеше жеріндегі полиция пунктіне ескертусіз бас сұғып, сол тексерудің нәтижесінде аудандық полиция басшыларына сөгіс берген еді.