Үшінші мыңжылдықтың жарты ғасыры — 2050 жыл келе жатыр. Тірі табиғат дүниежүзілік қоры бұл кезде Жерде адам өміріне қажет ресурс азаяды деген болжам жасаған. Ал БҰҰ-ның Халық саны жөніндегі қоры мамандары бұл жылы әлем халқының саны 9,3 миллиард адамға жетеді деп отыр. 2050 жылы адамзат өмірі мен әлем экономикасы қандай болатыны туралы басқа да алуан-алуан болжам бар.
Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы бар. Оның мақсаты — мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болу.
2050 жылдың жастары қандай болады? Baribar.kz редакциясы болашақтың жастарына сәлем жолдады. Редакция қызметкерлерінің дені бұл кезеңде шамамен 50-ден асқан азаматтар болады.
Ақжарқын Қыдырханова:
Қатарластарымның, алдыңғы буынның көбі әуелі үйлі болып алуды ойлап, өмірінің біраз бөлігін несиеге байлап қойды. Өзі 30-да болса, баласы да осы жасқа таяғанша бар тапқан-таянғанын қарыз өтеуге арнап жатыр. Содан болар, оларды адамзаттың дамуы, білімге ұмтылу деген тақырыптар алаңдата қоймайды. Санасын басқа сауал мазаласа, әрине, оған уақыты да болмай қалатын сияқты. Бұл — жастық шағымда куә болып жатқан тұтас қоғам індеті. Оның ұшқыны, салдары сенің заманыңа жетпесе игі. Бәлкім, бұл саған келмеске кеткен, тек қағаз бетінде қалған, өзің көрмеген соң сенуге қиын, әлдекімнің «заманайлағаны» ғана болар. Мен тіпті солай болғанын қатты қалаймын.
Еңлік Сақтан:
Сен — адамды шыққан тегіне, ұлтына, әлеуметтік жағдайы мен жынысына қарамай, тең санайтын өркениетті қоғамның өкілісің. Көлік мініп, қымбат киінуден жарыспайсың, білім іздеп, оқығанды көңілге тоқып қана озатыныңды білесің. Осы қалпыңнан таймасаң екен. Сенің заманыңда бұрынғы қарттар үйі мен балалар үйінің орнына әдемі балабақша мен мектеп салынды. Далада жүріп, бір де бір пластик көрмедім. Туған жерім Түркістан облыс орталығы болғанда қуанып едік. Аз-ақ жылда үлкен қалаға айналып, билік басқа облысты көркейтуге кірісті. Енді халық білім мен қаражат іздеп Нұр-Сұлтан мен Алматы сияқты екі үлкен қалаға сабылмайды. Әркімнің өз туған жерінде дамуына мүмкіндік бар. Әлеуметтік жағдайын түзеймін деп бүкіл өмірі сарқылатын адам қалмаған шығар, солай деп үміттенемін. Сенің түсінігіңде «зорлық, жемқорлық, құқығы қорғалмау, әділетсіздік» деген сөз жоқ. Қандай бақыт?! Тек жақындарыңды, өзіңді, уақытты бағала! Әлемге сенің кішкентай ғана мейірімің жетпейді. Мейірімді бол!
Мейірман Лес:
Журналист Руслан Меделбек Facebook-парақшасында 10 жылдан кейін қазақ қоғамы қалай өзгеретінін топшылаған еді. Ол: «Әйел бала бағып, үйде отырсын» немесе «Тамақ істесін» деген ерлер арасындағы стереотип жойылар», «Жұрттың сөзі маңызды емес, бұл — менің өмірім, ал өзімнің басқаның өмірінде шаруам жоқ» деген девизбен өмір сүретіндер көбейер», «Hard liners (өзінің айтқанын дұрыс деп басқаның пікіріне құлақ аспайтын аға буын) сияқты мойындамайтындарды іздеп таппаспыз. Ninety one сияқты new generation шықса, оны табаламай, ұнаса, тыңдап, ұнамаса, тыңдамай қоя салатын жұрт көп болар», «Отбасы шағын мемлекетке айналып, ондағы әр мүшенің таңдауы артар. Баланың киім таңдауынан бастап, күнін қалай өткізуіне дейін ата-анасымен ақылдасып, шешер», — деп жазды. Мен де сен өмір сүретін заманның осылай өзгеретініне сенемін.
Мемлекет 2050 жылы Қазақстанды дүниежүзінің дамыған 30 елінің қатарынан көргісі келеді. Сол себепті елдің экономикасын дамыту, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту сияқты мәселелерге баса мән береді. Бірақ мен үшін экономика мен сыртқы саясаттан да маңызды нәрсе — елде өмір сүріп жатқан барлық адамның теңдігі, өзін еркін сезінуі, құқығының аяққа тапталмауы. Өйткені дамыған елде ең әуелі адамға және оның құқығына деген құрмет болуы керек.
Сонымен бірге сенің заманыңда Қазақстанда ЛГБТ өкілдеріне деген жеккөрушіліктің азаятынына сенемін. Өйткені олардың жыныс ориентациясынан қоғамға төнетін ешқандай қауіпті көрмеймін.
Сымбат Айдархан:
Сәлем, жас дос! Сен — мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және берекелі қоғамның мүшесісің. Алуан түрлі құбылысқа толы әлемде өмір сүріп жатырсың. Қазір 2019 жылы ойлап көрмеген жобалар жүзеге асып жатыр. Соның бірі — ғарышқа Жерден адамдарды тасу. Сен — бос уақытын үнемдеп, бағалайтын ұрпақсың. Біздің жас күнімізде қызмет бабын асыра пайдаланып, жемқорлықпен қазына қаржысын миллиондап, миллиардтап жымқырып, материалдық шығын әкелген ұрпақ бар еді. Халықтың сеніміне селкеу түсіріп, сол арқылы ұлттың болашағына қауіп төндірген кезеңнің өзгергеніне қуанамын. Өз ойын тайсалмай айтатын ұрпақтың бар болғаны көңілге қуаныш ұялатады. Сен бақыттысың! Бар мүмкіндікті пайдалан! Өс, өркенде! Өзің үшін өмір сүр!
Мейірім Бақытжанова:
Қадірлі дос! Сенің мына сөзді естен шығармағаныңды қалаймын: «Әр заманның өз қызығы мен қиындығы болады. Мысалы, біздің ата-анамыз жас кезіндегі кеңес заманын есіне алып, адал еңбек еткен, талмай білім алған адам жетістікке жететінін, жұмыссыздық деген мәселенің болмағанын айтып отырады. Ал біз «Олар интернетсіз қалай өмір сүрген», «Адамдар бір-бірімен қалай байланыс жасаған?» деп, олардың «қиын өміріне» таңырқаймыз. Бірақ сол кездің адамдары үшін бұл қалыпты жағдай болды. Сол сияқты мен де қазір өзімді бақытты ұрпақ санаймын. Бұрын ата-анамыз апталап жүрген қашықтықты қазір 2 сағатта жүріп өтеміз. Алыстағы жақындарыммен бейнеқоңырау арқылы сөйлесе аламын. Бұрын бай болуды армандауға болмаса, қазір біздің заманда ондай шектеу жоқ. Тәуелсіз, дамушы мемлекетте бақытты өмір сүріп жатырмын. Сол үшін ата-бабамызға әрдайым алғысымызды айтамыз.
Жас дос, сенің заманың менікінен де жақсы болатынына сенімдімін. Сендер басқа планетаға саяхат жасай алатын шығарсыңдар, бәлкім. Бірақ сендердің проблемаларың желіге тәуелділік болатын сияқты. Қазірдің өзінде бүкіл әлемді, желіге жалғанған адамды Google, Facebook, Amazon сияқты алпауыт корпорациялар оңай манипуляциялай алады. Түбінде олар адамдардың санасын басқарады. Ал сен оған алданба, олардың құралына айналма! Жас дос, өз заманыңды, тәуелсіздігіңді, мүмкіндігіңді бағала!
Таңшолпан Бегалықызы:
Достар, біз қазіргі жасымызға дейінгі көрген-білгенімізге қарай сөйлейміз. 2050 жылы менің жасым 55-ке келеді екен. Орта жастан асқанда жастармен түсінісе алмай жүреміз бе деп уайымдаймын. Қазір бізде ән де, би де, кино мен театр да жастарға арналған. Елде қарт адамның бар екенін бәрі ұмытып кеткен сияқты. Қарттар құдды бір дәм-тұзының таусылар уақытын күтіп жүрген сияқты сезіледі. Сендер бұл олқылықты түзейсіңдер деп үміттенем.
Бұрынғымен салыстырғанда адамдар кеш есейеді. Бірақ қыздың жасы 20-дан аса бере жан-жақтан «тұрмысқа шық» деген әңгіме басталады. Ал оның тұлға болып қалыптасуы мен іштей есеюіне мән беріп қарамайды. Отбасы жауапкершілігін арқалауға дайын болмағандықтан, ол жасқа әлі жетпегендіктен елде бір жылда үйленген жастардың жартысы ажырасып жатыр. Араларында балалылар бар. Өзі оң-солын толық танымаған бала өз баласын қалай тәрбиелейді? Сендер жауапкершілікке дайын екендеріңді түсінгенде ғана отбасын құрсаңдар екен. Қазір бізде әлеуметтік мәселе өршіп тұрғандықтан климат пен әлемді әңгіме етпегенімізге ренжімессіңдер. Оның барысына сендер тереңірек бара алады деп ойлаймын.
Болатбек Мұхтаров:
Құрметті жас! Саған 2019 жылдан сәлем жолдап отырмын. Сені мектеп бітіріп, өзі қалаған оқу орнында білім алып жатқан немесе өзі қалаған өндірісте жұмыс істеп жатқан, әйтеуір өзі сүйетін іспен айналысып жүрген еркін ойлы азамат деп білемін.
Саған сонау өткеннен хат жазу қиын болды. Өйткені әбден жаңарған қоғамның, мүлдем өзгерген сананың өкілісің, ата-анаңның, басқа да үлкендердің, жұрттың, биліктің шешімімен емес, өз қалауың бойынша өмір сүріп жатқан адамсың. Өзіңе қажет нәрсені батыл талап ететін, құқығыңды батыл қорғайтын, адамды көзқарасы мен дүниетанымына, ұлты мен тіліне, діні мен жынысына қарай алаламайтын адамсың және бұл жағынан жалғыз емессің, айналаңның бәрі сондай болған соң «мұны неге сөз қылып отыр» деп таңданып та тұрсың. Иә, біздің дәуіріміз сәл басқа.
Біз өмір сүрген кезеңде ата-ана баласын жұрттан қалмауы үшін оқытатын, жұрттан кем болмасын деп диплом алғызатын. Жастар маман болудан гөрі танымал болуды, билікте отыруды көбірек армандайтын. Біздің кезеңімізде «Платон — менің досым, бірақ ақиқат қымбатырақ» деген сөз іс жүзінде басқа болды. Жақсы қызметке тағайындалған біреумен танысып, дос бола кету, қолында билігі бар біреуге жағымпазданып, жалбақтау ұят болған жоқ.
Біздің кезімізде қоғам адамның үйлену-үйленбеуі оның жеке шаруасы деп қарамайтын. Біреудің жеке өміріне кез келген адам араласа алатын. Қоғам пікірінің ықпалы қалыптастырып берген өмір салтын бұзу адамдардың бәрінің бірдей қолынан келмейтін. «Әлеуметтік қауіпсіздік» пен «әдеп қағидасы» бойынша дара болмысын жасырып, жұрт сияқты, ел қатарлы өмір сүруді дұрыс көретін. Өйткені көпшілік жеке көзқарасты, жеке өмірді құрметтей бермейтін.
Біздің кезімізде адамдар өзінің үні қоғамға қарсы қылмысты тоқтата алатынына, бір елдегі экономикалық, саяси-әлеуметтік ахуалды өзгерте алатынына сене бермейтін… Біздің өміріміздегі адамзат ойы, ғылым мен жаңа технологиялар дәл сенің заманыңдағыдай озық бола қойған жоқ, дүниежүзінің әр түкпіріндегі адамдардың бір-бірін табуына тіл кедергі болды. Сол себепті жаңа уақыттың, дамыған қоғамның өкілі — саған қызыға хат жазып отырмын.
(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)