Президент жол апатынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысында жол апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.

Қызылорда облысында автобус апатынан қаза тапқан адамдардың туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендердің отбасына көмек беріледі. Жол қауіпсіздігі тиісті ведомстволар мен әкімдіктердің ерекше назарында болуға тиіс, — деп жазды Президент Twitter-де.

3 желтоқсан күні таңертең Қызылорда облысында жолаушылар мінген автобус аударылған еді. Соңғы мәлімет бойынша оқиға салдарынан сегіз адам қаза тауып, 21 жолаушы жарақат алды. Көлікте барлығы 36 адам болған.

South Oil серіктестігіне тиесілі автобус Кеңлік кен орнынан шығып, Шымкентке бет алған. Қазір  ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-тармағы бойынша (“Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы”) іс қозғалды.