Азаматтарға әкесінің атын дефиспен жазуға рұқсат берілді

BaigeNews.kz тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина айтты.

Депутаттың айтуынша, бұған дейін әкесінің атында дефисі бар азаматтардың жеке құжатына ондай есім бір сөзге біріктіре жазылып келген.

Бұрын азаматтың әкесінің аты дефиспен жазылса, айталық, Әли-Асан болса, біз негіз ретінде қос есімнің бірін алатынбыз немесе есімді бірге жазатынбыз. Енді біз әкенің атын дефис арқылы жазуға мүмкіндік береміз, — деді Майра Айсина.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Майра Айсина мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Абылайхан Оспанов Қазақстанда мемлекеттік қызмет алу тәртібі өзгергенін түсіндірген еді. Енді мемлекет азаматтың өтініш беруін күтпей-ақ, қызметті өзі ұсынады. Сонымен бірге «бір терезе» қағидасы «бір өтініш» қағидасына ауысады, яғни бірнеше мемлекеттік қызметті алу үшін бір рет өтініш беру жеткілікті болады.