Президент Франция бизнесмендерін ел экономикасына шақырды

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Қазақстанның Еуропалық одақ аясындағы негізгі серіктесі екенін және еліміздің екіжақты ықпалдастықты дамытуға баса мән беретінін айтты.

Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас тұрақты әрі жоғары деңгейде. Біз Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға алдағы сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп санаймыз, — деді Мемлекет басшысы.

Қазіргі уақытта Қазақстанда француз капиталының қатысуымен Orano, Alstom, Air Liquide, Airbus сияқты 160-тан астам трансұлттық компания жұмыс істейді. 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 32% артып, 4,5 миллиард долларға жетті.

Менің ойымша, бұл — жақсы көрсеткіш. Соған қарамастан оны жақсартуға үнемі ұмтылуымыз керек. Биылғы көрсеткіштерде де оң нәтиже байқалады. 9 айдың ішінде тауар айналымы 5,5% өсіп, 3,4 миллиард долларға жетті. Жалпы Қазақстан экономикасына салынған француз инвестициясының көлемі 16 миллиард долларға жуық, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда табысты бизнес жүргізу үшін жағдай жасалғанын  айтты. Президент француз бизнесмендерінің назарын екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға негізделген көптеген бағытқа аударып, оларды агроөнеркәсіптік кешен және экономиканың басқа да секторларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін серіктес болуға шақырды.

Қазақстанның бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде мүмкіндігі зор. Елімізде 25 миллион гектар егістік пен 186 миллион гектардан астам  жайылымдық жер бар. Бұл — орасан зор ресурс және резерв. Географиялық тұрғыдан біз үлкен әрі жоғары төлемқабілеті бар Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс және Үндістан нарықтарына жақынбыз, — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті инновация, цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастықтың маңызы зор екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы секторындағы іс-қимылдарды кеңейтуге және «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысуға шақырды.

Елімізде Назарбаев университеті және Инновациялық технологиялар паркі секілді инновациялық кластерлер жұмыс істейді. Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі ашылды. Біз Қазақстанда француз инновациялары мен технологияларын енгізу үшін мейлінше қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысы Қазақстан арқылы Азия мен Еуропаны жалғайтын халықаралық көлік дәлізі өтетінін, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасымен ұштасатын «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұдан бөлек көліктік және туристік әлеуетті арттыру мақсатында еліміздің жетекші әуежайларында «ашық аспан» жүйесі енгізілді.

Қазақстанның аспаны ашық болуы керек деген шешім қабылдадым. Осы жүйе 11 әуежайға енгізіліп, барлық әуе компаниясы арасында бәсеке ұйымдастырылады. Бұл жолаушылар тасымалы тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге Қазақстан мен Еуропа арасында жүк тасымалын ұйымдастыратын еліміздің авиация мүмкіндіктеріне оң ықпал етеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Францияның туризм саласындағы табысты тәжірибесін зерттеуге және енгізуге еліміздің мүдделі екенін айтып, Қазақстанның Франция туристерді қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Қазақстан-Француз іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ив-Луи Даррикаррер инвесторлардың бірлескен жобаларды дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Мен француз компанияларының Қазақстанның кәсіпорындарымен ұзақ мерзімге негізделген ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін айтқым келеді. Олар қосымша жобаларды дамытуға үмітті және Қазақстан билігімен жұмыс істеуге әзір, — деді Ив-Луи Даррикаррер.

Фото: Akorda.kz

Қазақстандағы Total компаниясының басшысы Алем Фрига-Ной, Air Liquide компаниясының вице-президенті Филипп Кристодолу, Alstom компаниясының Таяу Шығыс елдері бойынша аға вице-президенті Дидье Флежер, Renault кәсіпорнының аға вице-президенті Николя Мор, Idemia компаниясының аға вице-президенті Изабель Лозон, Orano mining компаниясының бас директоры Николя Маэс, Vicat компаниясының аймақ директоры Пьетро Кала және басқа француз бизнесмендері сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы шараның Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстарды нығайтуға септігін тигізетініне, өзара тиімді жаңа жобалардың бастауы болатынына сенім білдірді.