Журналист Сәкен Сыбанбай ақпарат құралдары тілінде жиі кездесетін қателерді атап, орыс тілі ықпалымен бұрмаланған қолданыстарға назар аударды.

Ол «Қайда бармасын, қайда жүрмесін, ұнатқан дүниесін объективке іліп, әлеуметтік желіге сала қояды» деген сөйлемді мысалды келтірді. Дұрысы: «Қайда барса да, қайда жүрсе де…» деп айтылып, жазылуы керек. Бірақ қазіргі журналистер оның калька нұсқасын қолдануға үйір.

Тағы бір мысал: «Таяуда көзі ұйқыға кеткенше телефон құшақтап жататын балабақша жасындағы қыз баланың кездейсоқ жұмбақ өлімі орын алды».

«Орын алды» деген тіркес те — калька, ағылшын тіліндегі take place немесе орыс тіліндегі «имело место» тіркесін тікелей аударып қолдану.

Осындай теріс қолданыстар қазіргі қазақ тіліндегі ақпарат контентінде қалыпты нәрсеге айналып барады.

Қазақ медиасы орыс тілінің «будет» деген көмекші етістігінің құлына айналды. «Жасайтын боламыз», «білетін боламыз», «істейтін боламыз» деп айту — қате. «Жасаймыз», «білеміз», «істейміз» деп қолдану керек, — дейді спикер Сәкен Сыбанбай.

«Азаттық» радиосының тілшісі Асылхан Мамашұлы ақпарат тілінің сауатсыздануына бас редакторлардың жауапсыздығы себеп деп есептейді. Ақпаратты шұғыл таратуды ойлайтын тілшілер материалды асығыс жаза отырып, түрлі қате жіберуі мүмкін. Ал олардың материалын тексеруші редакторлар өз жұмысына ұқыпты болуы керек.

Бас редакторлар осы сұмдықтың бәрін тоқтатуға, мойнына жауапкершілік алуға, сауатты журналистер тәрбиелеп, мектеп қалыптастыруға тиіс, — дейді Асылхан Мамашұлы.

Айдос Сарым қазіргі заманғы ақпарат тілін сөз ете отырып, «қазақ тілі бай» деген тұжырым миф екенін айтты. Оның пікірінше, қазақ тілі бай болса, неге қазақ баспасөзі орыс тілінің ықпалында жүр?! Спикер бұл мәселені шешу үшін қазақ тілін стандарттау процесін жүзеге асыру қажет деген ойда.

Қазақ тілін үйренгісі келетін адамға мүмкіндік беру керек. Бір сөзді сөздікке салсақ, оның бірнеше мағынасы шығады. Ең әуелі стандарттау процесін қолға алу керек. 2025 жылы латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшеміз. Ол қазақ медиасы үшін ұтымды дискуссия болуы керек, — дейді саясаттанушы Айдос Сарым.

Айдрс Сарым, Шыңғыс Мұқан.
Айдос Сарым, Шыңғыс Мұқан. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Сессияға қатысушылардың бірі — журналист Нәзия Жоямерген қазақ тіліндегі медиа мәселелеріне арналуға тиіс отырыста сөздерді дұрыс жазу сияқты тым ұсақ әңгіменің айтылғанына наразы болды. Оның айтуынша, жаңа технологиялар туралы айтудың орнына аудитория әлі жұрнақ пен жалғаудың төңірегін талқылап жүр. Бұған филолог, құрылтай модераторы Назгүл Қожабек жауап берді.

Біздің міндетіміз — бар мәселенің бетін ашып, шешім тауып, келісімге келу, медиа саласының ашықтығы мен кәсіби деңгейін көтеру. Медиа саласындағы әр адам ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінсе, мұндай кемшілікті жоюға болады. Қате жасалған контентті халыққа ұсыну — қылмыс, — деді модератор.

Назгүл Қожабек, филолог.
Назгүл Қожабек. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Конференция аясында филолог, «Философия языка» кітабының авторы Қанағат Жүкешев, «Мазмұндама» қорының директоры Шыңғыс Мұқан, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Айнаш Есалы да сапалы контент пен медианарықта болып жатқан өзгерістер туралы ойын ортаға салды.