ISBN агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда 1 813 баспа мен баспа ұйымы тіркелген. 2018 жылы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына 270 баспадан кітап әкелінген. Бұл туралы палата директорының орынбасары Толқын Сәлменбаева айтты.

Қазақстанда шығатын барлық баспа өнімі Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына тіркеліп отырады. Палатаның 2018 жылғы есебі бойынша 4 081 кітап түрі тіркелген. Таралыммен есептегенде барлық кітаптың 19 миллион 772 мыңнан астам данасы жарыққа шыққан. Оның 48%-тен астамы қазақ, 37%-тен астамы орыс, 4%-і ағылшын тілінде және қалған 10%-ке жуығы басқа тілдерде.

Steppe&WORLD баспасының басшысы Раиса Сайранқызы еліміздегі баспа өндірісінің көрсеткіштеріне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бір жылда 270 баспаның өнім шығаруы — Қазақстан нарығы үшін қалыпты көрсеткіш.

Раиса Сайранқызы
Раиса Сайранқызы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

2018 жылы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының қорына 687 көркем әдеби кітап, 2 246 оқулық түскен. Көркем әдебиет — барлық кітаптың 16,7%-і.

Раиса Сайранқызының пікірінше, көркем әдебиет үшін бұл көрсеткіш — аз.

Мұның себебі — баспа саласының мемлекет бюджетіне тәуелді болуы. Басында менталитет солай қалыптасып қалған. Көп кітап басылып жатыр. Бірақ нарыққа шыға алмай қалады. Ол үшін жаппай жұмыс істеу керек. Әр адам кітап сатып алу мәдениетін қалыптастыруы қажет. Кеңес заманында ата-анамыз кітаптарды іздеп жүріп оқитын, — дейді баспагер.

Кейінгі 5 жылда ең көп баспа өнімін шығарған — әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспасы (604 кітап). Одан кейінгі орындарда «Фолиант» (239), «Алматыкітап баспасы» (210) және «Атамұра» корпорациясы (154) тұр.

Раиса Сайранқызының айтуынша, шығып жатқан кітаптарға оқырманды қызықтырудың жолын табу керек.

Мысалы, шетелде атақты газет-журнал бас редакторлары ай сайын әдеби шолу жасайды, сын-пікір жазады. Оқырман соны талдайды. Сондықтан біздің де танымал басылымдар ай сайын Қазақстанда шыққан кітаптарды таныстырып, мәлімет берсе, қызық болар еді, — дейді Раиса Сайранқызы.

Айта кетейік, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы Қазақстанда шығатын барлық баспа өнімін есепке алып, оны библиографиялық өңдеуден өткізіп, кітаптарды (ISBN), сериялық басылымдарды (ISSN), ноталық басылымдарды (ISMN) халықаралық стандартпен (ISBN) нөмірлеп, штрих-код береді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!