Груффало жайлы түсірілген мультфильм «Оскар» және BAFTA (British Academy film awards) сыйлықтарына ұсынылып, театр сахналарында да қойылған. Кітабы миллиондаған данамен басылып, 40-тан астам тілге аударылды. Ал 26 қараша күні Ұлыбританияның Алматыдағы Haileybury мектебінде әлемнің заманауи классикасына айналған ертегінің қазақша кітабы таныстырылды. Ертегі Stepe&World баспасында жарық көрді. Қазіргі уақытта кітап 2000 данамен таралып үлгерді.
«Груффало» кітабының, оның кейіпкерлерінің қазақша жанданып жатқанына қатты қуанып отырмын. Осындай кітапты қазақша шығарамын деп ешқашан ойламаппын. Баспаны ашуыма себеп болғаны Қазақстанда қазақ тіліндегі кітап таппауым еді. Кішкентай балаларым бар. Сол себепті кітапты бірінші балаларыма деп шығарып отырмыз. Ал кейін өзіме, өзім сияқты оқырмандарға да кітап басамыз. «Груффалоны» өз балаларыма арнағандай қазақтың барлық баласы білсін, естісін, көрсін деген мақсатпен ұсынамыз, — дейді Stepe&World баспасының директоры Раиса Сайранқызы.
Ертегі авторы Джулия Дональдсон — Ұлыбританиядағы қазіргі ең танымал жазушылардың бірі, 160-қа жуық кітабы бар. Оны Англияда «Қазіргі балалар әдебиетінің Шекспирі» деп те айтады. Кітапты көркемдеуші Аксель Шеффлер — әлемге танымал иллюстратор.
«Груффало» Ұлыбританияда және басқа да елдерде балаларға ұйықтар алдында оқып беруге болатын ең үздік кітап деп танылған. Балам да осы кітапты әлі күнге дейін жалықпастан сан мәрте оқып беруімді өтінеді. Аксель Шеффлер мен Джулия Дональдсонның керемет комбинациядағы еңбегінсіз кітап мұндай болмас па еді? — дейді баспа басшысы.
Күлкілі де қызық, тақпақтап жазылған «Груффало» ертегісін танымал журналист, шығыстанушы, Оксфорд университетінің түлегі Ғалым Боқаш қазақ тіліне аударған. Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, ертегінің тілі жеңіл, баланың қабылдауына оңай.
Мектепте «Груффалоны» білеміз деп алақайлаған бала аз болмады. «Ендеше қазақ тіліндегі нұсқасымен танысыңдар» деп кітапты бердік. Тілі өте жеңіл, жатық, ұйқасы тамаша. «Қазақша кітап оқылмайды» деген желеу сөздің бары анық. Бірақ кітапты шығарып қана қоймай, заманауи қалыпта безендіріп оқырманға ұсынса, әрине, қызықтырады. Үлкеннің де, кішінің арасында оның оқырманы табылады. «Груффало» кітабының қазақ тілінде жарыққа шығуы шынымен қуанышты жағдай болды. Кейіпкері — әлем балалары сүйіп оқитын сүйкімді құбыжық. Енді Stepe&World баспасының қазақ тіліндегі «Гарри Поттер» сериясын күтіп отырмыз, — дейді Haileybury мектебінің қазақ бөлімінің басшысы Данагүл Рысқалиева.
Ертегінің оқиғасы құйттай тышқанның құбыжық Груффалоны ойдан шығаруы, сол арқылы ормандағы жауларын қорқытқаны туралы. Ең қызығы, тышқан ойынан шығарған құбыжық Груффалоны орманда кездестіреді. Бұл оқиғаны кітап таныстырылымынан кейін Haileybury мектебінің 7-сынып оқушылары қазақ тілінде сомдап шықты. Қойылым оқушылар мен ата-аналардың көңілінен шығып, ұзақ қол шапалағына ұласты.
Stepe&World баспасы 2017 жылы Моңғолияда ашылған. Баспа қоржынында «Ақын қоян», «Қомағай жұлдызқұрт», «Анна Франктің күнделігі» кітаптары бар. Қазіргі уақытта Харуки Муракамидің «Норвег орманы», Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» сериясының бірнеше кітабы және тағы басқа кітаптар баспаға әзірленіп жатыр.