Мемлекеттік органдардың бірыңғай сайты жыл соңына дейін ашылады

Келер жылдың соңына дейін мемлекеттік қызмет түрлерінің 90%-і интернетпен көрсетілуі керек. Үкімет басшысы Асқар Мамин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына осындай тапсырма берді.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің осы бағыттағы жұмысының маңызын бірнеше рет айтқан еді. Осы жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 80%-ін халық интернет арқылы пайдалана алады. Біздің алдымызда келер жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 90%-ке жеткізу міндеті тұр, — деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Премьер-министр халық ұялы телефон арқылы пайдалана алатын мемлекеттік қызметтер тізімін жылдам кеңейтуді тапсырды. Әзірше eGоv mobile қосымшасы арқылы 31 қызмет түрін немесе мемлекеттік қызмет түрлерінің 4%-ін ғана пайдалануға болады.

Премьер-министр ведомстволық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуін бақылау мен мониторингіні күшейту мақсатында әр уәкілетті орган деңгейінде бірінші басшының осы мәселеге жетекшілік ететін орынбасарын дербес жауапты етіп белгілеуді тапсырды.

Ақпарат жүйелерін интеграциялау жоспары барлық мемлекеттік органға қатысты және 2019-2020 жылдарға есептелген. Биылға жоспарланған жұмыстың жартысы ғана орындалған. Ал қалған 50% ұзаққа созылып кетті немесе оларға бюджетті жоспарлау сапасы төмен. Қаржы, Инвестициялар және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Экология, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктері жыл соңына дейін жоспардың 100% орындалуын қамтамасыз етуі қажет, — деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы барлық орталық мемлекеттік органға осы жылдың соңына дейін интернет-ресурстардың бірыңғай платформасына көшуді аяқтауды тапсырды.

Кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығы ақпарат жүйелерін интеграциялау және бизнес-процестерді автоматтандыру арқылы қолжетімді қызметтердің бүкіл спектрін кешенді түрде көрсетуге бағытталуы керек, — деді Премьер-министр.

Асқар Мамин Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне халыққа цифрлау мен көші-қон бойынша қызмет көрсететін орталықтардың жұмыс тәжірибесін барлық әрекет етіп тұрған ХҚКО-ға тарату жұмысын пысықтауды тапсырды.

Премьер-министр «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына цифр технологияларын қолдану арқылы аудандардағы, шағын қалалардағы, ауылдардағы азаматтарды қашықтан оқыту құралдарын пысықтауды да тапсырды.