Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев партияның сайлауалды міндеттері туралы айтты

Nur Otan партиясы өңірлік филиалдары өкілдерімен болған кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев саяси ұйымның алдағы жұмысының шешуші бағыттарын атады. Бұл туралы Еlbasy.kz сайты хабарлады.

Бізге әр әкім мен мәслихаттардағы фракцияның әр депутатының партиялық жауапкершілігін түбегейлі күшейту керек. Бүгінде барлық реформа өңірлерді дамытуға бағытталған. Кейінгі 10 жылда жергілікті бюджет 3 есеге жуық өсіп, 4,7 триллион теңгеге жетті. Партия бөлінген қаражаттың жұмсалуын мұқият бақылауы керек. Бұған қоса, депутаттар жұмысын одан әрі жақсарту мен барлық мәслихат мәртебесін нығайту жөнінде шаралар қабылдау керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Nur Otan партиясының төрағасы әр өңір, әр қала, әр аудан бойынша сайлауалды бағдарламалар дайындауды тапсырды.

Келер жылы аумақтарды дамытудың бесжылдық бағдарламасын іске асыру аяқталады. Жаңа бағдарламалар қабылдауға деген мұқтаждық жаңа электорал кезеңмен сәйкес келіп отыр. Сондықтан жаңа бағдарламалар әр өңір бойынша мәслихат сайлауына арналған сайлауалды бағдарламалардың негізі болуы қажет. Nur Otan партиясының Мәжіліс сайлауына арналған бағдарламасына келсек, партияның саяси бюросының мүшесі — Премьер-министрге осы жұмысты жеке басқаруға және сол бағдарламаны жасауға қазірден кірісу керек, — деді Тұңғыш Президент. 

Партия басшысы саяси ұйым мүшелерінің сайлауға арналған тізімі қандай болуы керек екенін айтты.

Партияның әр мәслихатқа арналған сайлауалды тізімінде әйелдер 30%-тен кем емес және 20% 35-ке дейінгі жастар болуға міндетті. Тізімге халықтың түрлі санатының өкілі, тарихи отанына оралғандар, ерекше мұқтаждығы бар адамдар, кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де кіруі керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев

Сөз соңында Тұңғыш Президент сайлауалды кезеңде партия жұмысын күшейту қажет екенін тағы айтты.

Біз барлық ресурсты жеңіске жетуге бағыттауымыз керек. Ақпан айында партияның съезі болады. Онда «қайта жүктеудің» алдын ала қорытындысын шығарып, алдағы сайлау міндеттерін егжей-тегжейлі талқылаймыз. Қазір Jas Otan мемлекеттік органдармен бірге 2025 жылға дейінгі «Жастар Отанға» атты жаңа бағдарлама әзірлеп жатыр. Онда қазіргі заман жастарының бар сұранысына жауап қарастырылады. Сәуірде жаңа бағдарламаны Jas Otan съезінің қарауына шығару керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Бүгінгі шарада Тұңғыш Президент партияның дамуы мен қалыптасуына үлес қосқан мүшелерді «Белсенді қызметі үшін» медалімен наградтады. 

Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы мүшелеріне медаль табыс етті
Фото: Elbasy.kz