Қазақстан мен Швейцария Президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңейтілген құрамда өткен келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Швейцарияның екіжақты байланыстарының мәні зор екенін айтты.
Сапарыңыз мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамытуда зор маңызға ие болатынына сенімдімін. Бұл ынтымақтастық кең қанат жайып, өркендеп келеді, сонымен бірге экономика және саясат салаларындағы өзара тиімді байланыстардың қарқынын арттыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев үлес қосқанын және осы серіктестіктің дәстүрлі негізі жалғаса беретінін айтты.
Біз бүгін халықаралық ықпалдастықтың маңызды мәселелерін талқыладық, халықаралық күн тәртібіндегі негізгі проблемалар жөніндегі мемлекеттеріміздің ұстанымы ортақ екеніне көз жеткіздік. Швейцарияны маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Сондықтан осы ынтымақтастығымыздың даму қарқынын сақтауымыз қажет, — деді Қазақстан Президенті.
Ули Маурер өңірдегі экономикалық және саяси байланыстарды дамытудағы Қазақстанның негізгі ролі туралы айтты.
Қазақстан — біз үшін саяси әрі экономикалық тұрғыдан Азия мен Еуропа арасын жалғастырушы көпір. Сіздің елдің әлемдегі және халықаралық қоғамдастықтағы ролі артып келеді. Біз Азия мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастарды шынайы, ашық және тікелей талқылай алатын және құрлықтар арасындағы өзара ықпалдастықты қамтамасыз етуге, экономикалық қатынастарды нығайтуға бірлесе үлес қосатын Қазақстан сияқты серіктесіміздің бар екеніне қуаныштымыз, — деді Швейцария Президенті.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру, түрлі саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, қаржы қызметін көрсету секторындағы өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, мұның алдында Қасым-Жомарт Тоқаев Ули Маурермен шағын құрамда келіссөз жүргізді.