Бақытжан Сағынтаев «Алматы-2050» даму стратегиясына байланысты қала тұрғындарына үндеу жасады.
Алматы әкімі Instagram-парақшасында құжатты талқылауға шақырған видеосын жариялады.
Құрметті достар! Алматының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын көпшіліктің талқысына ұсынбақпын. Тек алматылықтарды емес, сүйікті қаламыздың тағдырына немқұрайлы қарай алмайтын барлық адамды шаһардың басты құжаты болатын жобаға пікір білдіруін сұраймын. Алматының болашағына қатысты мақсатымыз ортақ болуы тиіс. Мұнда пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды қалдыра аласыздар. Бәріміз бірлесе жұмыс істейік, — деді Алматы әкімі.
Стратегияның толық мәтіні қалалық газеттерде және Almaty-2050.kz сайтында жарияланады.
Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында 7 стратегиялық басымдық қамтылған:
1. Шетсіз қала;
2. «Ақылды» қала;
3. Тең мүмкіндіктер қаласы;
4. Қауіпсіз қала;
5. Жасыл қала;
6. Жаһандық іскерлік орталық;
7. Мәдени креатив қала.