Қоғамдық қор студенттерге отбасын құрудың мәнін түсіндірді

Бұл шараның мақсаты — отбасы институтын нығайту, жастар арасындағы ажырасу мен аборт жасату мәселелерінің алдын алу. Статистика бойынша Қазақстан ажырасу жөнінен дүниежүзінде алғашқы ондыққа кіреді. Алматының өзінде 2017 жылы 17 170 жұп үйленсе, 6 748 жұп ажырасып кеткен. Ал 2018 жылы 16 954 отбасы неке куәлігін алса, сол жылы 6 953-і сотқа арыз тастаған. Мысал ретінде айтсақ, әрбір үш алматылықтың біреуі ажырасып отырған.

Бір кезде сезім отына өртеніп үйленген ғашықтар сезімін қалайша тез жоғалтты? Неге олар ит пен мысықтай бірін-бірі жек көріп кетеді? Махаббат бар ма, жоқ па? Отбасы құрудың, шаңырақ көтерудің мәні не?

Осы сияқты сұрақтардың жауабын қоғамдық қор мамандары мен психологтар студенттермен бірге талдап көрді. Олардың сұрақтарына жауап беруге тырысты.

Акция Абай атындағы ҚазҰПУ, С.Асфендияров атындағы медицина университеті, Алматы университеті, IT университеті, Жүргенов атындағы өнер академиясы, Қазақ ұлттық қыздар университеті сияқты оқу орындарында өтті. Акцияға студенттер мен оқытушылардан тұратын 1000-нан аса адам қатысты.

Акция аясында «Жас отбасыға 7 кеңес» кітапшасы таратылды. Бұл кітапшаны «Отбасы хрестоматиясы» қоры Алматы қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік тапсырысы негізінде жарыққа шығарған еді. Кітапшаның тиражы — 500 дана.

Іс-шара негізінде студенттермен кері байланыс орнады. Олардың жекелеген сұрақтарына жауап берілді. «Жас отбасыға 7 кеңес» кітабын оқып, сол бойынша талқылаулар да болды. «Отбасы құндылығы» шарасы жастардың жарқын өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыруға, жақсы отбасын құруға деген арман-мақсатын айқындауға үлес қосуға тырысты.