Басты бетЖаңалықтарАмандық Баталов...

Амандық Баталов орынбасары төңірегіндегі жағдайға түсінік берді

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов орынбасары Бағдат Мәнізоровқа қатысты жағдай жөнінде пікір білдірді.

Тергеуге қатысты емес, оқиғаға қатысты жеке пікірімді айта аламын. Ол қазір жұмыс істеп жатыр. Бұл оқиға болған кезде ол маған айыптау Алматыдағы бұрынғы жұмысына қатысты екенін айтты. Мен мән-жайды анықта дедім. Сондай жағдай болғаннан кейін ол ақы төленбейтін еңбек демалысын алды. Мен бердім. Ондай оқиға болды ма, жоқ па, оны тергеу органдары анықтайды, — деді Амандық Баталов.

Алматы облысының әкімі мұндай жағдай кез келген адамның басында болуы мүмкін екенін айтты.

Мен оны бұрыннан білемін. Мен 2011 жылы Талдықорғанға жұмысқа келгенде ол Көксу ауданының әкімі болды, Ақсу ауданының әкімі болып жұмыс істеді. Содан кейін маған жұмысқа келді. Екі ай жұмыс істеді. Сол уақыт аралығында берген тапсырмаларды орындай білді. Әсіресе Арыс бойынша маған көп көмектесті. Мен ондай кезде «Арыз жаз да, кет, жағдайды ретте» дей алмаймын ғой. Адами тұрғыдан да қарау керек, — деді Амандық Баталов орынбасары Бағдат Мәнізоров туралы.

Амандық Баталов орынбасары қылмыс жасауға кінәлі деп танылса, қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді.

Қыркүйек айында Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров қызмет бабын асыра пайдаланып, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған еді. 30 қыркүйекте ол денсаулығына байланысты, кейін ақы төленбейтін еңбек демалысына шыққан. Бір айдан соң Бағдат Мәнізоровтан тағылған барлық айып алынды. Облыс әкімінің орынбасары өзіне жала жабылғанын айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Бағдат Мәнізоровқа тапсырыс бойынша айып тағылды» деген ақпаратты жоққа шығарды.

ДереккөзTengrinews.kz