Жеңімпаздардың бірі жетім балаларға, мүгедектігі бар адамдарға, жағдайы нашар отбасы балаларына тегін білім берсе, енді бірі олардың ақша табуына және емделуіне көмектескен, кейбірі экология жаршысына айналған.
Ozgeris ustasy атанғандардың арасында Рада Хайрушева да бар. Оның қайырымдылықпен айналысқанына 8 жыл болған. Рада — «Аялаған алақан» қайырымдылық қорының негізін қалаушы. Қор жетім балаларға, балалар үйі түлектеріне, мүгедектігі бар азаматтарға, көпбалалы және тұрмысы нашар отбасы балаларына білім берумен айналысады.
8 жыл бұрын ауруханада жатып, анасы тастап кеткен балаларды көрдім. Содан бастап жетім балаларға қамқор болғым келді. Қайырымдылық қорын ашып, оларға тегін білім беруді қолға алдым. Кейін қайырымдылық жасаймын деп ешкімге масыл болғым келмеді. Сондықтан қазір әлеуметтік кәсіпкер ретінде жұмыс істеймін, — дейді Рада Хайрушева.
«Аялаған алақан» қорының Оралда, Ақсайда, Нұр-Сұлтанда және Ақтөбеде өкілдігі бар. Қор білім берумен қатар балалар мен аналарды қолөнерге, сурет салуға, тігін тігуге үйретумен де айналысады.
Рада Хайрушеваның айтуынша, қорға қаржылай көмек емес, тегін сабақ беруге дайын, білікті мамандар қажет. Оның арманы — Қазақстанның барлық қаласында осындай орталық ашу.
Байқауды ұйымдастырушы Индира Шахтың айтуынша, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдайтын жүлде алғаш рет беріліп отыр.
Ozgeris ustasy атанған кәсіпкерлер қоғамдағы мәселелерді шешуді кәсіпке айналдырып, әлеуметтік жағдайы нашар азаматтардың ақша табуына көмектесіп жүр. Жүлденің аты айтып тұрғандай, байқауда қоғамға өзгеріс әкелген нағыз қаһармандар, өзгеріс «ұсталары» анықталды. Олар ел азаматтарына үлгі болады, — дейді Индира Шах.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінше кезеңде Қазақстан мен шетел сарапшыларынан құралған комиссия ұйымдардан келген өтінімді қарап, іріктеп алды. Келесі кезеңде жеңімпаздар онлайн дауыс беру арқылы анықталды.
Сарапшылар қатарында Орталық Азияның Еуразия қорының атқарушы директоры Ринат Темірбеков, Қазақстандағы Британ Кеңесі директорының орынбасары, Кеннеди Роуэн, EcoNetwork жобасының негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» басқарма төрағасы Бәтима Мукина және байқауды ұйымдастырушы, Impact Hub Almaty негізін қалаушы Индира Шах бар.
Жеңімпаздар 500 мың теңге сыйақыға ие болды.
(Фото: Inform.kz)