Президент 12 жылдық білім беруге асықпай көшуді тапсырды

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Асхат Аймағамбетов Президентке ведомствоның қазіргі жұмысы мен алдағы жоспары туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім бағдарламалары мен оқыту деңгейі заман талабына сай келмейтін жоғары оқу орындарының лицензиясын қайтарып алатын министрліктің ісін қолдады және осы мәселе бойынша заңнама деңгейінде тиісті норматив-құқық базасын әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар Президент министрлікке 12 жылдық білім беруге әуелі инфрақұрылымды, бағдарламалар мен жалпы білім жүйесін дайындауға көңіл бөле отырып, жүйелі әрі асықпай көшуді тапсырды.

Наталья Годунова Қасым-Жомарт Тоқаевқа оның Қазақстан халқына арналған Жолдауындағы тапсырмалардың орындалу барысын баяндады.

Президент квазимемлекеттік сектор жұмысының тиімділігі жайындағы талдау нәтижелерімен танысты. Наталья Годунова Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Алматы бойынша және жекелеген мемлекеттік органдарға жүргізілген аудит барысы жөнінде де мәлімет берді.