Президент Нұр-Сұлтанда жарықтың өшу себебін тергеуді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке арнайы комиссия құруды тапсырды. Оған Роман Скляр жетекшілік етеді.

Подстанция, апат, Нұр-Сұлтан
Фото: Аstana.gov.kz

Қазақстан Президенті Нұр-Сұлтанның көп бөлігінің жарықсыз қалуына байланысты тергеу жүргізуді тапсырды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-та жариялады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың басым бөлігінде жарықтың сөніп қалуына әкеп соқтырған апат жағдайына байланысты Үкіметке арнайы комиссия құруды тапсырды. Оған вице-премьер Роман Скляр төрағалық етеді. Комиссия мұқият зерттеу жүргізіп, кінәлілерді анықтап, қажет болған жағдайда істі құқық қорғау органдарына өткізеді, – деп хабарлады Берік Уәли.

Президент Үкіметтен және Нұр-Сұлтан әкімдігінен алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етті.

10 қарашада “Левобережная” подстанциясының жанып кетуіне байланысты Есілдің сол жағалауындағы ғимараттардың бір бөлігі электр жарығынсыз қалған. Жұмысшылар бригадасы жағдайды 11 қараша күні таңертең қалпына келтірді. Апат кезінде 9 тұрғын үй кешені, Ақорда, Үкімет үйі, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің ғимараты, Министрліктер үйі, Жоғарғы сот және басқа да әкімшілік ғимараттар жарықсыз қалды.