Республикалық маңызы бар бірнеше автожол жабылды

Шығыс Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар жолдарда жолаушы тасымалдайтын автокөліктер үшін қозғалыс жабылды. Бұл туралы "Қазақавтожол" серіктестігінің мәліметіне сүйенген ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Мамандардың мәліметінше, 10 қараша күні сағат 18.00-де жауын-шашын (қар) мен көріну мүмкіндігінің нашарлауына байланысты Өскемен – Риддер – РФ шекарасы тасжолының 15-105-шақырымдары аралығында, Өскемен – Алтай – Қатонқарағай – Рахман бұлағы жолының 6-166-шақырымдары аралығында, Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы жолының 15-102-шақырымдары аралығында, көктайғақ пен көріну мүмкіндігінің нашарлауына байланысты Алматы – Өскемен жолының 971-1068-шақырымдары аралығында жолаушы тасымалдайтын автокөліктердің жүруіне шектеу қойылды.

“Қазгидромет” кәсіпорнының мәліметінше, 11 қарашада Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы аумағында толассыз жауын-шашынға байланысты тау өзендерінде су тасу қаупі де бар.