— Мәлік Молдабекұлы, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында науқастар толық мемлекет есебінен емделеді. Ал МӘМС жүйесі енгізілген соң тарифтер тағы көтеріледі деген жоспар бар. Туберкулезді анықтауға, емдеуге қазір қаржы жеткілікті ме?

— Қазақстанда 2002 жылдан бастап туберкулезге шалдыққан науқастардың саны жылдан жылға азайып келеді. Бірақ бұған қарамастан орталыққа бюджеттен бөлінетін қаржы қысқарған емес. Керісінше, артылған ақшаның есебінен тарифтер көтеріліп жатыр. Ал үнемделген қаржыны туберкулезді анықтау, тиімді емдеу және болдырмау үшін әлемдегі барлық, заманауи, жаңа технологияға жұмсаймыз, яғни туберкулезді емдеуге қазіргі уақытта Қазақстанда қаржы жеткілікті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1998 жылдан бастап Қазақстанда туберкулез Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық стандартына сай емделеді. Содан бері 20 жылдан асты. Біз жыл сайын стандартты жаңартамыз, туберкулезді ерте анықтау мен қысқа уақыт ішінде тиімді емдеудің тың әдістерін енгіземіз және оны аймақтарға таратамыз. Қазақстан — туберкулезді ақысыз емдеп, науқастарға тегін дәрі-дәрмек таратын ТМД елдері арасындағы бірден-бір мемлекет.

— Туберкулез жұқпалы ауру ғой. Дәрігерлер: «Бұл дерттің ашық түріне шалдыққан адам айналасына қауіпті», — дейді. Еліміздің бас фтизиопульмоногы ретінде айтыңызшы, қоғамдық орындарда қалай қорғануға болады?

— Туберкулезге шалдыққан адамның барлығы қоршаған ортаға қауіпті емес. Науқастардың көбі — үштен екі бөлігі туберкулездің жұқпалы емес түріне шалдыққан. Олардың дерті ерте анықталып отыр. Туберкулез қалай тарайды? Адамдар бірінші осыны жақсы білуі керек. Ол ауа арқылы жұғады. Науқаспен тығыз байланыста болған, ұзақ уақыт бір бөлмеде қалған, бір үйде тұратын адамдарға ауру жұғуы мүмкін. Сондықтан бөлмелерді желдетуді дағдыға айналдыру керек. Балаға туа салысымен туберкулезге қарсы екпе салдыру қажет. Вакцина баланы 5-6 жасқа дейін туберкулездің асқынған түрін жұқтырудан қорғайды. Ал ересектер бұл сырқатқа шалдықпауы үшін салауатты өмір салтын ұстануы тиіс — уақытылы демалып, таза ауада серуендеп, спортпен шұғылданып, үнемі иммунитетті жоғары ұстағаны абзал.

— МӘМС жүйесі аясында стационарды алмастыратын көмекті көбейту жоспарланып отыр. Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығына келетін науқастарға стационарды алмастыратын ем тиімді ме?

— Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығында стационар жағдайында емделетін аурулардың нақты тізімі көрсетілген. Бірінші кезекте жұқпалы аурулар дәрігердің қатаң бақылауында болады. Ал туберкулезді емдегенде ең бастысы — науқас берілген дәрілерді уақытылы және медицина қызметкерінің бақылаумен ішуі тиіс.

Сондықтан амбулаториялық ем қабылдап жүрген науқастар дәрілерін жақын жердегі медициналық мекемелерге барып қабылдайды. Кейбірін смартфонмен видеоқоңырау арқылы бақылап отырамыз.

— Дәрігер ретінде МӘМС жүйесінен не күтесіз? Қазақстанның денсаулық сақтау саласында қандай өзгеріс болуы мүмкін?

МӘМС жүйесі медициналық қызметтің сапасын арттырады. Өйткені Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары медициналық мекемелердегі қызметтің сапасын жіті бақылауда ұстайды. Ал аурухана, клиникалар қазіргіден де тиімді емді, әлемдегі соңғы әдіспен жасалатын отаны үйренуге тырысады және келген науқас тез жазылып шықса деген мақсат қояды. Міне, осының нәтижесінде елімізде емдеу қызметі жоғары деңгейге көтеріледі.

— Қазақстанда фтизиопульмонолог дәрігерлер жеткілікті ме?

— Фтизиопульмонолог дәрігерлерді халықаралық стандартқа сай дайындауымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп заманауи кадр әзірлеу мәселесін талқылап жатырмыз, ортақ шешім табылып білікті мамандарды дайындау жүйесіне қол жеткіземіз деп сенемін. Жас мамандар оқуды тәмамдап, жұмысқа орналасып жатыр. Дәрігерлердің жалақысы да жылдан жылға көтеріледі. Биыл 1 маусымнан бастап дәрігерлердің еңбекақысы 30% өсті. Оны келесі жылы да арттыру жоспарда бар. Жаңа технология, инновациялық әдістерді тез игеріп, пациентті қысқа уақыт ішінде емдеп шыққан дәрігерлерге бюджеттен бөлінген қаражаттан бөлек жеке сыйақы дайындауға болады.

— МӘМС жүйесі іске қосылғанда медициналық мекемелер өзара бәсекеге түспек. Пациент үшін таластың фтизиопульмонология орталығына да қатысы бар ма?

— Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында әр науқастың күндік еміне 17 мың теңге жұмсалады. Бұған науқастың тамағы, емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, жасалатын отаның құны, коммунал төлемдер, қызметкерлердің жалақысы, тағы басқалары кіреді.

МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін біздің ортада да бәсеке болады. Орталықтың сайтында көрсететілетін ем-дом түрлері жазылған. Кеңінен насихат жүргіземіз, аймақтарға жүйелі түрде телемедицина арқылы кеңес бере аламыз. Дерттің күрделі түріне шалдыққан науқастарды орталыққа шакырып емдейміз. Әрбір науқас керек емін алуға осы орталықты таңдауға құқылы. Ал біз пациенттерді барынша тиімді емдеуге күш жұмсауымыз керек.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!