9 қараша — Отбасын қолдау саласы қызметкерлерінің күні. Атаулы күнге орай «Отбасылық Академия» отбасын кешенді қолдау орталығы» қоғамдық қоры Алматы тұрғындары мен қонақтарын 2019 жылдың 10 қарашасында өтетін ÓNEGE форумына шақырады.

Шара аясында спикерлер білімін бөлісіп, арт-перфоманс өткізеді. Пікірталас алаңдарында ата-ана, баланы тәрбиелеу, мектептегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, инклюзив және қиын жағдайда жүрген отбасы сияқты тақырыптар талқыланады.

Форум 10 қарашада сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін Достық даңғылы, 52/2, Grand Ballroom «Қазақстан» қонақ үйінде өтеді. Шараға қатысу тегін. Bitly.su сайтына өтіп, алдын ала тіркелу қажет.

ÓNEGE отбасы форумы — 2019 жылдың маусымынан қарашасына дейінгі барлық жобаның қорытынды шарасы. Жоба 6 ай ішінде мамандарға және халыққа ауқымды ақпараттық шара ұйымдастырды.

Жоба аясында Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкентте ресурстық қолдаудың әлеуметтік қызметтері ашылды. Тоғыз өңірдің әрқайсысында жобаны үйлестіруші, кейс-менеджер, психолог және әлеуметтік қызметкер сияқты төрт маманнан тұратын штат құрылды.

Жоба өкілдерінің хабарлауынша, бұл мамандар кейс-менеджмент технологиясы элементтерін пайдалана отырып, отбасын құрмаған жастарға, жас отбасыларға тиісті кеңес пен көмек береді.

ÓNEGE жобасы  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік грантының аясында жүзеге асады.

Қосымша ақпарат алу үшін жобаның Facebook және Instagram желілеріндегі парақшаларына жазылыңыз.

Onege отбасылық форумы